Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесті, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Жүздесуде тараптар сауда, инвестиция және технологиялық әріптестік бағыттарын қоса алғанда, өзара іс-қимылдың қазіргі тыныс-тіршілігі мен келешегіне назар аударды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
— Қазақстан мен Германияның аграрлық саладағы ықпалдастығы жоғары сенім деңгейін және жүйелі дамуды көрсетіп отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 23%-ға өсіп, экспорт 38%-ға артты. Біз өзара сауда көлемін ұлғайтып, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге дайынбыз.
2021 жылы Қазақстанда CLAAS ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін жергіліктендіру жобасы жүзеге асқаны мәлім. Өндірістік алаң Петропавл қаласында орналасқан. Бастама қолға алынғалы 714 комбайн, 363 трактор, 270 егіс кешені және 500-ге жуық жатка өндірілді. Шығарылған өнімнің жалпы құны 242,3 млрд теңгеге жетті. Өз кезегінде құрметті қонақ әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығын айтып, Германия компанияларының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге деген қызығушылығы зор екенін білдірді.