Петропавлдағы Достық үйінде есірткі қылмысының алдын алуға арналған маңызды кездесу өтті. Басқосу барысында құқық қорғау саласының мамандары жастарға заңсыз айналымның көлеңкелі тұстары мен оның ауыр салдарын атап өтті. Тиісті жаза туралы да баяндады.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:
— Бұл іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткізілді. Жастар арасында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған. Басты мақсат – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында қатысушылар арасында ашық диалог орнайды.
Есірткі қылмысына мықтап тұсау салмаса болмайды. Жыл басынан бері 70-тен астам іс сотқа дейінгі тергеуге жіберілген. Оның 32-сі зиянды затты сақтау болса, 39-ы – өткізуге қатысты. Сонымен қатар, есірткіні жарнамалау мен өсіруге байланысты да бірқатар дерек анықталған.
Арнайы әзірленген бейнематериалды тамашалап, шенділерге толғандырған сұрақтарын қойған жастар бүгінгі жиынның маңыздылығына тоқталды.
ӨМІРҰЗАҚ ЕРКЕШ, студент:
— Кейбір жастар жеңіл ақша табу мақсатында немесе қоршаған ортаның әсерінен есірткі қылмысына араласып жатады. Сондықтан, алдын алу жұмыстарын күшейту, түсіндіру және білім беру өте маңызды. Менің ойымша, әрбір жас өз болашағы үшін жауапты.
Кездесу соңында ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Жангельді Жамалиев