Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мағжан Жұмабаев ауданында болды. Олар ең алдымен Булаево қаласында орналасқан орман өртін сөндіру станциясына барды. Мұнда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Тәшімов салада атқарылған жұмысты баяндады.
ЕРЛАН ТӘШІМОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— Солтүстік Қазақстан облысындағы орман қоры 688 мың гектарды құрайды. 12 орман шаруашылығымыз бар. Мекемелерде 800-ге жуық адам еңбек етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап 74 млн көшет отырғыздық. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 122 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Орман өртін сөндіру станциясы 2025 жылдың соңында қолданысқа берілді. Жоба құны 214 млн теңгені құрады. Іші арнайы талап бойынша жабдықталған. Заманауи станцияның бір ерекшелігі – маңайда 25 метрлік мұнараның орнатылуы. Ондағы камералар арқылы аумақты бекетте отырып-ақ шолуға болады.
ИГОРЬ ГОРБАЧЕВ, Булаевское орман шаруашылығы басшысының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:
— Станцияда арнайы команда бар. Олар: жүргізуші, отты сөндіретін екі маман және кезекші трактор жүргізуші. Өрт сөндірушілерге арналған қызметтік киімдер, құралдар жеткілікті көлемде берілді. Биыл орман шаруашылығына 10-нан астам техника сатып алынды. Оның ішінде тракторлар, аумақты аралайтын көліктер және мотоциклдер бар.
Қанат Бозымбаев пен Ғауез Нұрмұхамбетов станцияны аралағаннан кейін өрт сөндірушілермен және орманшылармен кездесті. Сатып алынған жаңа техникалардың жұмысымен танысты. Табиғаттың көркі саналатын жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап жүрген жандарға алғысын білдірді.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
— Жасыл желек – біздің байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, қорын молайтуымыз қажет. Бұл бағытта орман шаруашылығы қызметкерлері аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан сіздерге зор қолдау көрсетіледі.
Биыл облыста 70-тен астам дала өрті тіркелген. Олардың әрқайсысында орманшылар оқиға орнына тез арада жетіп, тілсіз жаудың таралуына жол бермеді. Қанат Алдабергенұлы бұл бағыттағы жүйелі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.