Мәдениет

Студенттер арасында «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұрасы» атты V республикалық олимпиада өтті

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұрасы» атты V республикалық олимпиада өтті. Елдің әр өңірінен жиналған болашақ педагогтер ұлы ақынның рухани мұрасын бүгінгі білім беру үдерісімен сабақтастырып, ой мен тәжірибені тоғыстырды. Білім додасы барысында қатысушылар Абай идеяларын тек әдеби мұра ретінде емес, тұтас педагогикалық құндылық ретінде талдап, өз көзқарастарын ортаға салды.

БЕКСҰЛТАН ЕРЕБЕК, қатысушы, ШҚО:

— Біз киелі Абай елінен, Семей қаласынан, Шәкәрім атындағы университеттің атынан келіп отырмыз. Олимпиадаға дайындығымыз жақсы деңгейде өтті, соған сай нәтижеміз де жоғары болады деп сенеміз. Білім додасына қатысып отырған барша қарсыласымызға сәттілік тілейміз.

Байқау барысында сахна төрінде ұлы ақынның шығармаларынан үзінділер оқылып, көркем сөз арқылы Абайдың терең ойы мен адамгершілік қағидалары қайта жаңғырды. Әрбір жолдан ақынның рухани әлемі сезіліп, тыңдаушыны ойға жетеледі. Олимпиаданың мәні мен мазмұнына тереңірек тоқталған сала мамандары бұл бастаманың болашақ педагогтер үшін зор маңызға ие екенін атап өтті. Абай мұрасын білім беру үдерісіне енгізу – тек әдебиетті оқыту емес, тұтас тәрбие жүйесін қалыптастырудың негізі.

ЖАЗИРА КӨКБАС, М. Қозыбаев атындағы СҚУ ТжӘИ «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы:

— Педагогикалық олимпиаданы өткізудегі негізгі мақсат – Абай шығармаларын жас ұрпаққа педагогикалық тұрғыда насихаттау. Бұл болашақ мұғалімдер үшін өздері білім беретін оқушыларға ұлы ақын мұрасын жеткізудің маңызды жолдарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы жұмыс арқылы Абайдың ой-толғамдарын білім беру үдерісіне терең енгізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, «Толық адам» іліміне негізделген тәрбиелік құндылықтарды кеңінен дәріптеуге жол ашылады.

Тартысты өткен дода қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен семейлік Шәкәрім университетінің командасы бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздарға 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Жангельді Жамалиев