СҚО әкімдігі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Сергеев су қоймасында болды

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен облыс әкім Ғауез Нұрмұхамбетов мінген тікұшақ Петропавл халықаралық әуежайынан көтерілгеннен соң ұйқысынан енді оянған ерке Есілдің буырқанған ағысын әуеден бақылап, Шал ақын ауданындағы Сергеев су қоймасының іргесіне келіп қонды. Көктемгі су тасқыны өңірімізде қалай өтуде, жалпы гидрологиялық ахуал қандай? Ол жайында Қанат Бозымбаевты облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов хабардар етті. Ол өз сөзінде көктемгі су тасқынының алдын алуда көршілес өңірлердегі әріптестерімен кездесіп, тиісті іс-қимыл жоспарларын бірлесе әзірлеп, пысықтағандығын баяндады.

Биылғы көктемгі су тасқынына синоптиктердің жасаған болжамдары қаншалықты сай келді, алдағы жағдай қандай болатынын облысымыздың бас синоптигі Қымбат Мерғалымова баян етті. Облысымызда қазір су тасқынының екінші кезеңі өтуде. Алайда аса қауіп жоқ. Ол 2018-2019 жылдардағы деңгеймен шамалас.

Сергеевка мен Петропавлда су тораптарындағы жағдай қалыпты. Қос нысанда толық қуатта жұмыс істеп тұр. Ол жағдай су басу қаупі сейілгенге дейін жалғасады деді “Қазсу” шаруашылығы облыстық филиалының басшысы Ержан Құсымбаев. Жалпы ахуалды бағамдаған вице-премьер су тасқынының беті қайтқанға дейін жағдай қатаң бақылауда болуы керектігін тілге тиек етті.