Күллі жаһан жұртын әлекке салған Чернобыль апаты жайлы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында да айтылды. Студенттермен кездесуде ең ірі техногендік жарылыстың зардабын жоюға қатысқан азаматтар төбе көрсетті. Олар жалындаған жастық шақтарында аянбай еңбек етіп, ядролық аумақта ғұмыр кешті. Өмірлерін тәуекелге тіккен адамдар – батырлықтың үлгісін көрсеткен жандар. Әрдайым құрмет пен қошеметке лайық. Бұл пікірмен барлығы келіседі.
ҒАББАС АЛМАГҮЛ, СҚО ІСЮ қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
— 26-шы сәуір – бізге көптеген адамның тағдырын еске түсіретін күн. Тарихтан хабардармыз. Украина жерінде біздің азаматтар аянып қалмады. Негізгі мақсатымыз – аға ұрпақтың басынан кешкен қасіретін жастардың жүрегіне жеткізу. Келешекте ұрпағымыз отансүйгіш болып өссін.