Чернобыль атом электр станциясында болған алапат апатқа биыл 40 жыл толып отыр. Техногендік апаттың салдарын жоюға 32 мың қазақстандық қатысқан екен. Оқиға алаңында болған 2 жарым мың теріскейліктің бүгінде 250-ге жуығының ғана көзі тірі. Жиында улы сәуле тараған аумақта болған азаматтар облыстық «Чернобль одағы» ұйымының Алғыс хатымен және Чернобыль ардагерлерінің ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды. Құрметке бөленген жандардың бірі – Игорь Вайло. Ер азамат 18 жасында қауіпті аумақта жарты жылға жуық әскери борышын өтеген.
ИГОРЬ ВАЙЛО, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысушы:
— Әскер қатарына Нижний Новгород қаласына стройбатқа шақырылған едім. Кейін мені Чернобыльға аттанатын арнайы топқа қосты. Оның алдында арнайы тексерістен өттік. Жалпы, барлық республикадан 30 адам жиналды, сөйтіп апат орын алған жерден бір-ақ шықтық. Сол кезде сөрген көрініс әлі есімде. Тұрғындар жанталасқаннан бүкіл дүние-мүлкін қалдырып кеткен, қала іші тым-тырыс. Сол жақта 4 айға жуық уақыт болдық.
«Чернобль одағы» ұйымына мүшелік ететін азаматтар жиі жиналып тұруға тырысады. Өйткені, бұл оқиғаның салдарын ұмыту мүмкін емес. Ардагерлер басқосуларында толғандырған мәселелерді талқылайды. Ақатжан Арықовтың айтуынша Чернобыль оқиғасының ардагерлері бүгінде мемлекеттен тиісті көмек алып тұрады.
АҚАТЖАН АРЫҚОВ, СҚО «Чернобль одағы» ҚБ төрағасы:
— Ұйымның өзінің кеңсесі бар. Ардагерлер 2 жылдан бері ай сайын коммуналдық төлемге көмек ретінде 8,5 мың теңгеден алады. Жыл сайын бір рет аударылатын төлем көлемі 2 есе артты. Бұл сома 152 мың теңгені құрап отыр.
Чернобыль оқиғасының ардагерлері қоғамда белсенді. Жастармен жүздесіп, тарихтың осы бір кезеңін баяндап береді. Ондағы ой – болашақ ұрпақ мұндай апатқа жол бермесе екен дейді.
Ұлан Ыдырыс