Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

“Бірлікте” байқалған жылан жаға ұстатты

Бұл жаға ұстатарлық бейнежазба біздің өңірде түсірілген. Оқиға Петропавлдағы “Бірлік” шағын ауданы жақта Есіл өзеніне жақын жерде түсірілген.
Видеоға нақтылап зер салсақ, бауырыменжорғалаушының аса қауіпті әрі улы сұржылан екенін байқауға болады. Осы орайда біз аталмыш бейнежазбаның авторы Валентина Морозовамен тілдестік. Қала тұрғыны жыланды қалай кезіктіргенін айтып берді.

ВАЛЕНТИНА МОРОЗОВА, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:

— Отбасымызбен бірге табиғат аясында серуендеп қайтайық деп Есіл өзенінің жағасына келген едік. Сөйтіп, көзімнің қырымен белгісіз жануардың құйрығын шалып қалдым. Жақындап келсем жылан екен, шошып кеттім. Сөйтіп дереу жолдасыма айттым, ол оны телефонға түсіріп алды. Екеуіміз интернетті ақтарып, оны зерттей келе, біз кезіктерген жылан улы екенін түсіндік.

Бұл пікірді Валентина Морозованың жұбайы да құптайды. Евгенийдің сөзінше, ол сұржыландардың қандай екенін нақты біледі. Себебі, осыдан 8 жыл бұрын оның жақын жолдасын дәл осы жылан шағып, досы өлім аузынан әзер дегенде аман қалған екен.

ЕВГЕНИЙ МОРОЗОВ, “Бірлік” шағын ауданының тұрғыны:

— Осыдан 7-8 жыл бұрын досыммен Ақмола облысындағы Шат өзеніне барған едік. Сол жерде жыландарды кезіктірдік. Түрлеріне қарап досым олардың қауіпсіз сужылан екенін айтты. Сөйтіп, біреуін ұстағанымыз сол еді жылан жолдасымның қолын шағып алды. Петропавлға жеткенімізше оның бір аяғы мен қолы ісіп кетті. Жедел жәрдем шақырттық, дәрігерлер уақытында уға қарсы дәрі жасап, досымның жанын аман алып қалды.

Әлеуметтік желіде желдей ескен бейнежазбаның астындағы пікір екіге бөлінді. Біреуі оны сужылан десе, бірі сұржылан деп топшылауда. Осы орайда біз Петропавлдағы ботаникалық бақтың директоры Артур Рязаповпен кездестік. Ер азаматтың сөзінше бейнежазбадағы – адамға қауіпсіз, уы жоқ жылан. Олар біздің өңірде мекен етеді. Ал улы жыландар теріскейде өте сирек кездесетін көрінеді.

АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:

— Түсіне зер салып қарайтын болсақ, оның қара сұр екенін байқауға болады. Бұл дегеніміз оның уы жоқ, ол – қарапайым сужылан. Олар көбінесе ылғалды жерлерді ұнатады. Яғни, өзен-көлдердің маңайын мекен етеді. Оларды біздің өңірде жиі кездестіруге болады. Ал улы жыландар ашық түсті болады әрі суды ұнатпайды, жылуды сүйеді. Сол себепті, олар теріскейде тіршілік етпейді.

Айта кетейік, өңірде биыл және өткен жылы да адамды жылан шағу дерегі тіркелмеген. Бірақ, мамандар сақ болуға шақырады. Себебі, жылан өз бетімен адамға атылмайды, ол үшін оған тиіспеу қажет. Алайда, сізді байқаусызда жылан шағып алса, онда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Ұлан Ыдырыс