Ұлт ұстазы саналатын Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда республикалық семинар өтті. Басқосудың басты мақсаты – бастауыш сыныптарда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан, сонымен қатар Астанадан келген үздік педагогтер цифрлық технология арқылы оқушының функционалдық сауаттылығын қалай арттыруға болатынын талқылады.
АЙНАГҮЛ ҚАБДІРОВА, «Өрлеу» БАҰО СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:
— Семинар мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Білім саласында жасанды интеллектіні қолданып жүрміз. Қолданыс аясын кеңейту керек. Сол үшін бастауыш сынып мұғалімдерін жиып, заман игіліктерін тиімді пайдалану жолдарын баяндап жатырмыз. Бұл сабақ жоспарлауды жеңілдетіп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Ұстаздар үшін арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мұнда тәжірибесі зор педагогтер мен IT-мамандар әріптестеріне жасанды интеллект арқылы математикалық және оқу сауаттылығына арналған тапсырмаларды жылдам құрастырудың тәсілдерімен бөлісті. Ал практикалық сабақтарда мұғалімдер цифрлық платформалармен жұмыс істеп, замануи технологияны зерттеу жұмыстарына кіріктірудің қыр-сырын меңгерді. Баяндаушы жанның бірі – көкшетаулық Жанар Нұғыманова.
ЖАНАР НҰҒЫМАНОВА, №1 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, Көкшетау қаласы:
— Бүгінгі республикалық семинарда шеберлік сабағын өткіземін. Тақырыбы – “Мәтінмен жұмыс – оқу сауаттылығының негізі”. Біздің басты мақсатмыз – балалардың оқу сауаттылығын жетілдіру. Жасанды интеллектінің бұл орайда тигізетін көмегі зор.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Жалпы алғанда, басқосуға облыстың түкпір-түкпірінен және көршілес өңірлерден келген 70-тен астам мұғалім қатысты, ал 300-ге жуық ұстаз қашықтықтан қосылды.
Жаннұр Бектұрғанова