«Білу құқығы, сөйлеу құқығы». Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында осындай атаумен ашық диалог ұйымдастырылды. Оған құқық қорғау органдарының мамандары мен жастар қатысты.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:
— Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайту. Осы алаңда жастар өздерін толғандырған сұрақтарға нақты әрі толымды жауап алып, күрделі өмірлік жағдайларда дұрыс бағдар табуды үйренеді.
Қоғамның тыныштығы көбіне әр адамның ұсақ әрекетінен бастау алады. Көшедегі қарапайым тәртіп те жалпы мәдениеттің айнасы саналады. Осыған тоқталған қалалық ПБ өкілі Қанат Жұмабаев күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайларды мысалға келтірді.
ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бөлімше бастығы:
— Жастар арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтарға қоғамдық орында темекі шегу, темекі қалдығын белгіленбеген жерге тастау, былапыт сөз айту және ұсақ бұзақылық жатады. Бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен реттеледі. Мәселен, 441-бап бойынша қоғамдық орында темекі шегу немесе қоқыс тастау үшін айыппұл қарастырылған. Ал 434-бапқа сәйкес қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөз айтқан тұлғаларға айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылады. Сондай-ақ, ұсақ бұзақылық үшін де айыппұл не қысқа мерзімді әкімшілік қамау көзделген.
Жиынға қатысқан жастар кездесудің ақпараттық тұрғыда маңызды өткенін тілге тиек етті.
ВИКТОРИЯ ШВИДЕНКО, студент:
— Мен үшін бұл жиынның маңыздылығы зор. Әр азамат заң талаптарын сақтауға міндетті. Құқық пен тәртіп үстемдік еткен қоғамда ғана тұрақтылық пен қауіпсіздікке кірбің түспейді. Сондықтан мен заңға құрметпен қарап, айналамдағы жастарды да дұрыс бағытта болуға үндеймін.
Айта кету керек, осындай маңызы зор шаралар алдағы уақытта да өзінің жалғасын таппақ.
Жангельді Жамалиев