Мәдениет

Петропавлда “Әжемнің ертегісі” жобасы бастау алды

Петропавлда “Әжемнің ертегісі” жобасы бастау алды. Игі бастамаға Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мұрындық болып отыр. Қара шаңырақ ұжымы облыс орталығындағы “Балдәурен” бөбекжай-бақшасына ақжаулықты аналарды арнайы шақыртып, балдырғандармен жүздестірді.

КӨГЕРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры:

— Қазіргі таңда ертегіні балалардың көбі тыңдай қоймайды. Бүгінгі жоба арқылы игі дәстүріміз жанданса екен дейміз.

Ұлттық кітап күніне орай бастау алған жоба аясында әжелер балалармен бірге кітап оқыды. Кейін бірлесе жыртылып қалған оқулықтарды қалыпқа келтірді. “Осындай бастама арқылы балалардың асыл қазынамызға деген қызығушылығы артады. Сонымен қатар, тәрбиелі болып өседі”, – дейді ақжаулықты әже Ғалия Өмірбекова. Нәзікжандының сөзінше, ұл-қыздарға оқылатын ертегі көбінесе халықтың тұрмысы мен қоғам өмірінің шындығынан туындаған. Шығармалар арқылы ата-бабаларымыз балаға жақсыдан үйренуді, жаманнан жиренуді үйреткен.

ҒАЛИЯ ӨМІРБЕКОВА, “Қазақ аналары – дәстүрге жол” РҚБ СҚОФ мүшесі:

— Әр ертегі балаларды жақсылыққа баулиды. Сонымен қатар, “Батырлар жырын” оқыған жеткіншектен ел қамын ойлайтын азамат шығады.

Балалар тынығуға жатқызылды. Сол сәтте ақжаулықты әжелер оларға ертегі оқып берді.

ӘЛИАСҚАР ДУМАН, “Балдәурен” бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушісі:

— Менің ата-әжем Явленка ауылында тұрады. Демалыс күндері оларға барып тұрамын. Әжем жатарда маған ертегі оқып береді. Ертегілерді оқығанды жақсы көремін.

Айта кету керек, “Әжемнің ертегісі” жобасы жыл бойы жалғасын табады. Алдағы уақытта кітапхана өкілдері мен әжелер басқа да балабақшаларға бармақ.