Балалар

Петропавлда 500-ден астам оқушы кәсіби бағдар беру форумына қатысты

Петропавлдағы оқушылар сарайында кәсіби бағдар беру бойынша “PROFuture Forum” форумы өтті. Шарапаты мол шараға Петропавлдағы 500-ден астам 9-шы және 11-ші сынып оқушылары қатысты. Форумға 20-дан астам колледж өкілдері де келген. Олар оқушыларға өздері ұсынатын білім бағдарламасын таныстырып, қандай мамандықтар бойынша оқытатынын жіпке тізді.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

—Мұндағы ең басты мақсат – дұрыс мамандық таңдау. Себебі, өңірімізде сапалы жұмысшыларды даярлау қажет. Соның ішінде аграрлық секторға, құрылыс саласына әрі білім беру, медицина саласына маман дайындау қажет.

Бүгінгі іс-шараға келіп отырған жандардың қатарында 11-сынып оқушысы Аруна Төлеген де бар. Айтуынша, бүгінгі форумнан ол өзі үшін мол мағұлмат алған.

АРУНА ТӨЛЕГЕН, оқушы:

— Бүгінгі іс-шара мен үшін өте пайдалы болды. Себебі, өз болашағымды саналы түрде жоспарлап, өзіме ұнайтын мамандықты таңдағым келеді.

Айта кетейік, аталмыш іс-шара облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асып отыр. “PROFuture Forum” алдағы уақытта да өзінің жалғасын табады.

Ұлан Ыдырыс