Петропавлдағы Жеңіс саябағында «Құстарға арналған ұя» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Игі бастамаға қалалық 6 мектептің оқушылары қатысты. Қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайтын ұл-қыздар 30-дан астам жемсалғыш жасаған.
ЗАРИНА ҚАЙЫРЖАНОВА, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:
— Бұл акцияның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен жанашырлық сезімін қалыптастыру, соның ішінде құстарға қамқорлықпен қарауды дәріптеу. Осындай игі бастамалар арқылы балалар табиғаттың нәзік тепе-теңдігін түсініп, әрбір тіршілік иесіне жанашыр болуды ұғынады. Әсіресе көктем мезгілінде құстарға қолайлы жағдай жасау – олардың ұя салып, еркін тіршілік етуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Іс-шара барысында оқушылар өз қолдарымен жасаған жұмыстарын саябақ ішіндегі ағаштарға ілді. Әрбірінің жүзінде жылулық бар.
ТОМИРИС БАЛҒЫНБАЕВА, әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы:
— Біз бұл жерге құстарға арналған 3 ұяны алып келіп, оларды орнату жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл игі істі достарымыз және ұстаздарымызбен бірлесе атқарып, ортақ күшпен жүзеге асырдық. Дайындық пен жинақтау жұмыстарына жалпы 4-5 күн уақыт жұмсалды. Осындай іс-шараларға қатысу арқылы біз қоршаған ортаға деген жанашырлығымызды арттырып, өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Жас өрендердің еңбегі тек ұя жасаумен шектелмеді. Олар табиғатқа деген сүйіспеншілікті кезекті мәрте іс жүзінде дәлелдеу мақсатында қоректендірумен де айналысты.
ЛУИНА БИСАРИНА, М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы:
— Біз қараторғайларға көмектесу мақсатында осындай ұя жасадық. Алғашында оны жасау оңай болмады, біраз еңбекті қажет етті. Бірақ әкеммен бірге жасағандықтан, жұмыс өте қызықты әрі әсерлі өтті. Ұя жасау арқылы табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіндім. Енді біздің ұямызға құстардың қоныстануын күтіп жүрміз.
Табиғаттың жанаруымен үндескен бұл бастама адам мен қоршаған орта арасындағы нәзік байланысты тағы бір мәрте айқындай түсті.
Жангельді Жамалиев