Денсаулық сақтау

Теріскейлік дәрігерлер халықаралық форумда оң баға алды

Жақында Ресейдің Санкт-Петербор қаласында XVII «Невский радиологиялық форумы» халықаралық конгресі өтті. Оған көптеген елден келген 1800-ден астам дәрігер қатысты. Сәулелік диагностика және терапия саласының білікті мамандары бас қосқан алқалы жиында облыстық кардиология орталығының қызметкерлері де болды. Солардың бірі – рентгенолог Алена Довгань. Азаматша бұл бағытта 6 жыл еңбек етеді.

АЛЁНА ДОВГАНЬ, облыстық кардиологиялық орталықтың рентгенолог-дәрігері:

— Форумға қатысу үшін өтінім жолдадық. Өтінімде жұмыс барысында орын алған ерекше жайтты жаздық. Бір күні қуыс тамыры бітеліп қалған науқас келіп түсті. Бұл – бастан, мойыннан, қолдардан жүрекке қан жеткізетін маңызды тамыр. Жүгінген жанның жағдайы ауыр болды. Біз баллонмен ангиопластика жасадық, яғни тамырды ерекше әдіс арқылы кеңейттік әрі ішіне стент қойдық, нәтижесінде ұйыған қан еркін жүре бастады. Бұл мәселенің шешімі комиссия мүшелеріне ұнаған екен. Шақырту алдық.

Осы жайтты теріскейлік дәрігерлер жан-жақтан жиналған білікті мамандарға баяндама ретінде оқыған. Сапалы жұмысқа белгілі профессорлар оң баға беріпті. Ресейге Руслан Мухамедшин де барып қайтты. Рентген-зертханашы алған әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес дейді.

РУСЛАН МУХАМЕДШИН, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-зертханашысы:

— Зор тәжірибе жинақтадым. Форумда медицина саласы дамыған елдердің мамандары болды. Олар білген-түйгендерімен бөлісті. Өзім МРТ, КТ, ПЭТ аппараттарымен жұмыс істеу кезіндегі жаңа әдіс-тәсілдерді үйрендім. Өзімнің баяндамам көпшіліктің көңілінен шықты. Еңбегім рентген диагностика жасап жатқан кезде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, сәуірдің 17-18 аралығында өткен дәстүрлі халықаралық форумға өңірден 3 маман қатысты. Солтүстікқазақстандық дәрігерлер өздерінің өзгелермен терезесі тең екенін ұғындырды. Бұған дәлел – ақ халатты абзал жандардың келесі жылы өтетін конгреске тікелей шақырту алуы.

 

Ұлан Ыдырыс