Петропавлда Халықаралық Жер күніне орай “Жанды планета” атты жас өлкетанушылар, экологтар мен натуралистердің облыстық форумы өтті. Оған өңірдің түкпір-түкпірінен 130-ға жуық жас қатысты. Олар өзара командаларға бөлінген.
Әр топ табиғатты қорғауға бағытталған жоба ұсынды. Ұйымдастырушылар осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруды көздейді.
ЛЮБОВЬ ФОМИЧ, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері:
— Бұл форум жыл сайын өткізіледі. Қатысушылар саны да арта түсуде. Оқушылардың өнерін, дайындаған туындыларын арнайы тағайындалған қазылар алқасы бағалайды. Жобалардың мазмұнына ғана емес, олардың қоғамға тигізер пайдасына ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы, экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын, табиғатсүйер жастардың бары қуантады.
Форум барысында қатысушылар өз мектептерінде экологиялық бағытта жүргізіп жатқан жұмыстарын таныстырды. Мәселен, “эко-мектеп” деп аталатын, күн батареясы мен жел диірмендерінен қуат алатын мектеп үлгілерін ұсынды. Ал Бескөл ауылынан келген “Парасат” мектеп лицейінің 10-сынып оқушысы Санжар Қонысбай сыныптастарымен бірге қоқыспен күресіп жүр. “Далаға тасталған пластик бөтелкелер мен полиэтилен пакеттер жылдап ыдырайды. Салдарынан қоршаған ортаға зиянды зат пен улы газ бөлінеді”,- бөлінеді дейді жас табиғат жанашыры.
САНЖАР ҚОНЫСБАЙ, оқушы, Қызылжар ауданы:
— Біз ауданымызда еріктілер клубын аштық. Еріктілермен экологиялық шараларға, сенбіліктерге үнемі белсенді қатысамыз. Қоқыс сұрыптауға аса мән береміз. Сонымен қатар, “Радуга” ұйымымен келісіп, сыныптастарыммен оларға қолданылған қағаз өткіземіз. Петропавл қаласында мені қатты мазалайтын мәселелердің бірі, ол – қоқыс және ауаның ластығы. Онымен күресу үшін біз ай сайын аула тазалап, ағаш отырғызамыз.
Форум осңында үздік жоба авторлары дипломдармен марапатталады. Ұымдастырушылар осындай экологиялық іс-шараларды жаз бойы өткізбек. Алдағы уақытта мектеп оқушыларымен бірге ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Жаннұр Бектұрғанова