Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оқушылар сарайында ұйымдастырылған шараға өңірдегі ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, жастарға кең таңдау ұсынды. Алаңда әр сала бойынша бос жұмыс орындарының қызметкерлері отыратын арнайы үстелдер қойылып, келушілер жұмыс берушілермен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды. Бұл формат еңбек нарығына алғаш қадам басқан жастар үшін тиімді алаңға айналды.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім басшысы:

— Біз әуелі еңбек нарығындағы сұранысты саралап, бос жұмыс орындарының базасын қалыптастырамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс берушіні шақырдық. Осы жолы NEET санатындағы жастарға басымдық беріп жатырмыз.

Жұмыс берушілердің қатарында құқық қорғау саласының өкілдері де бар. Облыстық полиция департаментіне бүгінде 400-ге жуық кадр қажет. Басқарма бастығы Руслан Тәсімов жұмыс іздеушілерге аталған қызметтің тиімді тұстарын таныстырды.

РУСЛАН ТӘСІМОВ, СҚО ПД басқарма бастығы:

— Биыл полиция қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өсіп, қызметін жаңа бастаған лейтенанттың еңбекақысы 250 мың теңгеден жоғары деңгейге жетті. Жыл сайынғы тұрақты өсіммен қатар, сыныптық біліктілікке қарай 10-30 пайыз аралығында үстемақы және әскери атақ үшін қосымша төлем қарастырылған. Сонымен бірге, сала қызметкерлеріне бірқатар әлеуметтік қолдаулар ұсынылады. Атап айтқанда, 48 жаста зейнетке шығу мүмкіндігі, отбасының әр мүшесіне шамамен 82 мың теңге тұрғын үй төлемі және тегін медициналық қызмет қарастырылған.

Жәрмеңкеге келген жастар түрлі бағыттарды саралап, өз болашағына қатысты шешім қабылдауға талпынып жүр. Кейбірі жаңа салаларды қарастырса, енді бірі өз мамандығы бойынша ұсыныстарды қарастыруда. Мұндай кездесулер олардың еңбек нарығындағы орнын айқындауға мүмкіндік береді.

— Менің әскери сала немесе полиция қызметі сияқты бағыттарға қызығушылығым бар. Өзімді жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін мамандық иесі ретінде көргім келеді.
— Мен эколог мамандығына оқыдым. Жаңа бірнеше өкілмен сөйлестім. Ұсыныс баршылық. Ойлану керек.

Жалпы, мұндай жәрмеңкелер – жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды тетіктің бірі. Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтарына 200-ге жуық адам жүгініп, мамандар 80-нен астамына жұмыс табуына ықпал еткен.

Жангельді Жамалиев