Мәдениет

Петропавлда “Бір ел – бір кітап” акциясы қолдау тапты

Петропавлда “Бір ел – бір кітап” акциясы қолдау тапты. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде арнайы конференция өтті. Ұлттық кітап күніне арналған тағылымдық шараны “AMANAT” партиясының облыстық филалы ұйымдастырды. Кездесу барысында студенттер мен мектеп оқушылары Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың “Тағдыр” тарихи романын талдады.

АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:

— Конференцияға Мамлют пен Қызылжар ауданының мектеп оқушылары онлайн форматта қатысып отыр. Олар Қабдеш Жұмаділов жайлы баяндама дайындады. Студенттер де белсенді. Мұндағы ұл-қыздар “Тағдыр” романының терең мағынасын қатысушыларға түсіндіруге тырысады.

Болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аяулым Сұлтан – бүгінгі шараның жүргізушісі. Тарихи шығармаларға құмар. Ол бір деммен Қабдеш Жұмаділовтің “Тағдыр” романын оқып, керемет әсер алған екен.

АЯУЛЫМ СҰЛТАН, М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

— “Тағдыр” – терең роман. Ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жайлы, күйбең тіршілік пен шекара бөлінісі туралы.

“Бір ел – бір кітап” акциясы әрмен қарай жалғасады. Енді осыған ұқсас кездесулер университеттің әр факультетінде ұйымдастырылмақ.

Ұлан Ыдырыс