Мәдениет

Петропавлда Ә.Бөкейханның 160 жылдық мерейтойына орай облыстық семинар өтті

Петропавлдағы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 орта мектепте ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойы аясында семинар өтті. Алқалы жиынға қазақ тарихы пәнінің мұғалімдері, мектеп директорлары әрі олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып отыр. Танымдық іс-шара әдістемелік орталықтың мұрындық болуымен ұйымдастырылған.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, әдістемелік орталық директорының орынбасары:

— Бұл семинарға 7-8 ауданнан 70-ке жуық педагог келіп отыр. Семинар 5 секциядан тұратын болады.

Аталмыш семинарға қатысып отырған жандардың бірі – Гаухар Ажмағамбетова. Ол М.Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Білікті ұстаз бүгінгі іс-шарадан тың деректер алып, оны өз оқушыларымен бөліспек ниетте.

ГАУХАР АЖМАҒАМБЕТОВА, Сарытомар орта мектебі директорының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

— Бұл семинарға келу мақсатым – Әлихан Бөкейхан туралы көптеген мәлімет алу әрі оны өз оқушыларыма жеткізу. Біз мектепте тек Әлихан Бөкейханды ғана емес сонымен қатар, өзге де Алаш зиялыларын, оның ішінде Мағжан Жұмабаевты насихаттаймыз.

Ұлт көсемінің есімі берілген мектеп қабырғасында қазіргі күні 2 ауысым бойынша 600 бала оқиды. Оларға 60-қа жуық педагог ұстаздық етеді. Білім ұясында Алаш зиялыларының өмірі, атқарған істері кеңінен насихатталады. Осы орайда семинар барысында тағы да бір айтулы оқиға орын алды. Мектепте “Алаш” сыныбы ашылды. Арнайы кабинетте Алаш қозғалысы өкілдерінің кітаптары әрі өзге де еңбектері сақталған.

ЖҰЛДЫЗ ХАСЕНОВА, Ә.Бөкейхан атындағы №25 орта мектептің директоры:

— Алаш кабинетінің басты мақсаты – өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа баулу.

Мектеп директорының сөзінше, алдағы уақытта жаңадан ашылған “Алаш” сыныбында мектепішілік дебат турнирлерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Ұлан Ыдырыс