Қазақстанның отын нарығында жаңа өнім пайда болды! Енді елімізде биоэтанолды қолдану арқылы БИ-95 автокөлік отыны шығарылады. Ерекше жобаның жүзеге асуына Солтүстік Қазақстан облысының тікелей қатысы бар. Бензин өндірісінде аса қажет биоэтанол Тайынша ауданында орналасқан BioOperations серіктестігінде өндіріледі. Бұл – республикадағы бидайды терең өңдейтін бірегей кешен. Яғни, астық тек ұн немесе жем ретінде пайдаланылмай, жоғары технологиялық деңгейде өңделіп, қосылған құны жоғары өнім алынады. Кейін Алматы облысында орын тепкен BioPetrolCompany базасында соңғы өнім – БИ-95 отыны дайындалып, нарыққа шығарылады.
ЛАУРА БЕРГІБАЕВА, жоба жетекшісі:
— Біз үшін БИ-95-ті іске қосу – ең алдымен экологиялық қадам. Біз тек жаңа отын түрі туралы емес, қоршаған ортаға түсетін нақты жүктемені азайту туралы айтып отырмыз. Биоэтанолды пайдалану шығарындыларды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді – бұл әсіресе ауа сапасы мәселесі бірінші кезекте тұрған Алматы сияқты қалалар үшін өте маңызды.