Мәдениет

Қарағандылық театр Петропавлда «Ревизор» қойылымын сахналады

Константин Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры өңірге гастрольдік сапармен келіп, жергілікті көрерменге өнер мерекесін сыйлады. Соңғы рет мұндай сапары табаны күректей 24 жыл бұрын жасалыпты. Енді орталыққазақстандық әртістер Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театрындағы әріптестерімен берік байланыста болмақ. Қос тарап Петропавл төрінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ГҮЛНӘР ТЕМІРОВА, К. Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының директоры:

—Бұл – екі театр үшін де өте маңызды және тиімді ынтымақтастық. Біз өзара тәжірибе алмасамыз, бір-біріміздің шығармашылығымызды байытамыз. Бүгін Петропавл сахнасында тегін өнер көрсеткелі отырмыз. Енді теріскейлік таланттарды Қарағандыда күтеміз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Өзімізді үйде жүргендей сезінудеміз.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Надежда Косыгинаның бойын ерекше сезім билеген. Ол 2002 жылы Петропавлда болып, әріптестерімен өнер көрсетіпті.

НАДЕЖДА КОСЫГИНА, ҚР еңбек сіңірген әртісі, Қарағанды облысы:

— Бұл сапарға біраз болды. Кейбір сәттер ұмытылып та қалды. Сол кездегі әріптестердің кейбірі зейнетке шықты, кейбірі өмірден өтті. Сондықтан, бүгін қуанып та, толқып та жүрмін. Солтүстіктің көрермендерін ерекше құрметтейміз. Бізді керемет қарсы алды.

Зал көрерменге лық толды. Қала тұрғындары мен қонақтары Николай Гогольдің әйгілі «Ревизор» комедиясын тамашалады. «Ревизор» – қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелейтін өткір сатиралық туынды. Оқиға шағын провинциялық қалада өрбиді. Шенеуніктер шаһарға “тексеруші келеді” деген хабарды ести сала өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыруға тырысады. Алайда жай жүрген Иван Хлестаковты ревизор деп қателесіп, күлкілі әрі шиеленісті жағдайларға тап болады. Ал ол бұл жағдайды өз пайдасына шебер пайдалады.

ДЕНИС ЦВЕТКОВ, К. Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының әртісі:

— Мені қала басшысының рөлін ойнау бірден қызықтырды. Кейіпкерім – билікке үйір, өз пайдасы үшін бәріне дайын адам. “Ревизор келеді” деген хабардан кейін ол бар шындықты жасыруға тырысады. Қойылым әрі күлкілі, әрі терең тәрбиелік мәнге ие. Жалпы, Гоголь шығармаларын ойнау – кез-келген актер үшін үлкен мектеп.

Қарағандылық қонақтар Петропавлға үш күндік гастрольдік сапармен келді, көрерменге түрлі жанрдағы қойылымдарды ұсынды. «Ревизордан» бөлек, сахнада «На встречу к мечте» және «Выпьем за любовь» спектакльдері қойылды.

АНДРЕЙ МАРЫЧЕВ, К. Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

— Театр репертуары алуан түрлі болуы тиіс: классикалық туындылар, заманауи күрделі пьесалар, жеңіл комедиялар. Бұлардың барлығы қатар жүргені дұрыс. Сонда ғана көрермен өзіне қажет әсер алады. Петропавлдықтарды барынша қуантқымыз келеді.

Айта кету керек, енді Николай Погодин атындағы облыстық орыс драма театр гастрольдік сапармен Қарағанды қаласына бармақ. Бұл сапар күзге жоспарланған.

 

Жангельді Жамалиев