Петропавлдық дәрігер халықаралық байқауда топ жарды. Облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі Дмитрий Тё Үндістанда өткен беделді саммит аясындағы клиникалық кейстер конкурсында бірінші орын иеленді. Онда әлемнің әр түкпірінен жиналған мамандар өздерінің ең күрделі тәжірибелерін ортаға салған. Қазақстанның намысын жалғыз өзі қорғаған жерлесіміз барлығын таңқалдырыпты.
ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі:
— Бұл байқау біз үшін үлкен әрі айтулы шара болды. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеудің озық технологиялары кеңінен талқыланды. Мен өз тәжірибемді ұсынып қана қоймай, қабылдаған шешімдеріміздің дұрыстығын толық дәлелдеуге тырыстым. Халықаралық сарапшылар әрбір қадамымызға талдау жасап, сұрақтар қойды. Соның нәтижесінде біздің әдісіміз ең тиімді әрі қауіпсіз деп бағаланды.
Нақтырақ тоқталсақ, байқау Ченнай қаласында өткен халықаралық саммит аясында ұйымдастырылды. Дмитрий Тёнің жұмысы – жүрек-қан тамырлары ауруларын стентсіз емдеу тәсілі. Бұл – заманауи медицинаның жаңа бағыты. Осы жұмысы өзінің әрі Қазақстанның абыройын асқақтатты.
ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі:
— Саммит барысында біз дәрілік жабындысы бар баллон арқылы емдеу тәсілін таныстырдық. Бұл әдістің ерекшелігі – тамырға металл орнатылмайды, яғни ағзада бөгде зат қалмайды. Баллон қысқа уақыт ішінде әсер етіп, кейін өздігімен жойылады. Осы арқылы біз тамырды ашып, қан айналымын қалпына келтіреміз. Мұндай тәсіл кей науқастар үшін анағұрлым қауіпсіз шешім болып табылады.
Жай сөзбен шектеліп қалуға болмайды. Қазылар жобаның нәтижесіне де назар аударады. Өз жобасын таныстыру кезінде Дмитрий Тё егде жастағы науқасты мысал етіпті. Емделушіге тың тәсіл арқылы көмек көрсетілген екен.
ДМИТРИЙ ТЁ, облыстық кардиологиялық орталықтың рентген-хирургі:
— Бұл пациентте қан кету қаупі жоғары болды және бірнеше ауруы бар еді. Стандартты әдістерді қолдану оның жағдайын ушықтыруы мүмкін болатын. Сондықтан біз консилиум кезінде қауіпсіз жолды таңдадық. Дәрілік баллон арқылы барлық зақымдалған тамырларға әсер еттік. Нәтижесінде науқастың жағдайы жақсарып, жүрек қанмен жеткілікті қамтамасыз етілді.
Айта кету керек, бүгінде кардиологиялық орталықта мұндай жоғары деңгейдегі тәсіл күнделікті тәжірибеге енгізілген. Дәрігерлер ай сайын жүздеген ота жасап, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуде. Тіркелген көрсеткіш бойынша емдеу мекемесі ТМД елдері арасында көш басына шыққан.
Жангельді Жамалиев