Балалар

Петропавлда ойын-сауық аттракциондарының қауіпсіздігі тексеріліп жатыр

Бүгін орталық саябақтағы аттракциондар паркінде балалардан қарағанда ересек адамдардың саны басым. Бұл жандар өте жауапті іспен айналысуда. Олар алдағы жазғы мезгілде ұл-қыздардың қауіпсіз ортада көңіл көтеріп, алаңсыз әткеншек тебуіне жағдай жасап жатыр. Аталмыш тексеріс жылдағы дәстүр бойынша өтуде.

ҚАЙРАТ ІЛЕСОВ, аттракциондардың қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы, Астана қаласы:

— Біздің серіктестігіміз аттракциондарды тексерістен өткізуге мамандандырылған. Осы мақсатта арнайы Астанадан келіп, қауіпсіздік құралдары, белдіктер, электр жабдықтарды қарап шығамын. Петропавлда 2-3 күндей боламын. Барлығын саралай келе нақты шешім қабылдап, аттракциондар паркіне бір жылдық мерзімге жететін рұқсат қағазын ұсынамын.

Сонымен қатар, әткеншектер статикалық әрі динамикалық тексерістен өтеді. Ол бойынша ойын-сауық құрылғысына белгіленген мөлшерде жүк артылады. Мәселен, мына “Шолу дөңгелегіне” 5 тоннадан астам ауырлық түсіреді. Осындай жағдайда аттракцион бірнеше сағат жұмыс істейді. Арасында мамандар оны тоқтатып, тексеріп тұрады.

ҚАЙРАТ ІЛЕСОВ, аттракциондардың қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы, Астана қаласы:

— Кейбір әткеншектерге ерекше көңіл бөлу қажет. Оларға экстрималды аттракциондар жатады. Мысалы, “Шолу дөңгелегі”, “Бумеранг” сынды құрылғыларға аса ауыр салмақтағы жүк саламыз. Осындай жүктеме барысында оның бөлшектері бақылауда болады. Егер қандай да бір ақау көрсек оны түзейміз.

Әткеншектердің электр қауіпсіздігі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мамандар арнайы құрылғылардың жерге тұйықталуын бақылауда. Бұл адамдарды тоқ соғудан қорғайды.

Қазіргі таңда аттракциондар паркінде жазғы мезгілге қызу дайындық жүріп жатыр. Жалпы, орталық саябақта 35-ке тарта әткеншек бар екен. Оларға күніне орташа деңгейде 1 мыңға жуық адам келеді. Сонымен қатар, биыл мұндағы әткеншектер қатары жаңа түрлерімен толыққан.

АЛЕКСАНДР КОЗЛОВ, “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

— Биыл Орталық және “Жеңіс” саябағында орналасқан аттракцион паркіне екі жаңа батут сатып алдық. Оны бізге Ресейдің Екатеринбург қаласынан жеткізді. Сыйымдылығы – 45 орын. Оған 6-10 жас аралығындағы балалар кіре алады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта біз аттракциондар паркінде жарықтандыру жұмыстарын қолға алдық.

Қазіргі күні тексерістен өткен әткеншектер де бар. Солардың бірі –
қала тұрғындарының ең сүйікті аттракционы “Микс”. Өткен жылы ғана 110 млн теңге сатып алынған құрылғы қауіпсіз деп танылды.

ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші;

— Мен отырған “Микс” ойын-сауық құрылғысы Петропавлдан бөлек тек 2 қалада бар. Сыртынан қарасаң, тамаша әсер сыйлайды. Бүгін алғашқылардың бірі болып оны бағалайтын боламыз.

Айта кетейік, орталық саябақтағы тексеріс шарасы бүгін және ертең жүргізіледі. Одан кейін мамандар “Жеңіс” саябағына бармақшы. Толық тексеріс 3 күннің ішінде аяқталады. Одан кейін астаналық сарапшы арнайы құжат береді. Ол құжатта аттракциондардың дайын немесе дайын еместігі жазылады. Дегенмен, осы күнге дейін Петропавлда ақауы бар әткеншек тіркелмепті.

Ұлан Ыдырыс