ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
— Біз қазір Жамбыл ауданының орталығы Пресновка елді мекеніндеміз. Мұнда апта сайын сенбіліктер өтеді. Бүгінде жамбылдық ағайын игі дәстүрден аттамай, “Таза аула” акциясын ұйымдастырып отыр. Экологиялық іс-шара жүздеген ауыл тұрғындарының басын қосты.
Қолына сыпырғыш, қап пен тырма ұстаған жандардың қарасы қалың. Бұл – Пресновка ауылы үшін таңғаларлық жайт емес. Бүгінде тазалық акциясына 300-ге тарта тұрғын қатысып отыр. Олар орталық алаңды, шеткі көшелерді әрі қариялар тұратын үйлердің маңайын қоқыстан тазартты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ауыл тұрғындары апта сайын сенбіліктерге қатысады. Бұл тіпті игі дәстүрге айналған.
АНЖЕЛИКА БЕЛЕСКАЕВА, Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығының директоры:
— Тазалық акциясы барысында белсенділік танытқан тұрғындарға арнайы сыйлықтар табыс етеміз. Оларды аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері анықтайтын болады. Жалпы, осы сынды экологиялық іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Мұндағы тазалыққа еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін ерекше мән береді. Айтуларынша, бара-бара бүкіл қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасады.
НИНА ШЛЕДОВЕЦ, Жамбыл ауданы ардагерлер ұйымының белсендісі:
— Ауылымыз гүлденіп, құлпырып келеді. Себебі, ауылдастарым тазалыққа баса мән мән береді. Өзім де қолымнан келгенше ауламды таза ұстауға тырысамын. Оны көрген жастар да қоқыс пен қалдықты көрінген жерге лақтырмайды. Ондай қылықтарын көрсем, ескерту жасаймын әрі оның дұрыс емес екендігін түсіндіремін.
АҚДӘУЛЕТ ЖАРҚЫНБЕКОВ, оқушы:
— Қоқыс болса қалтама салып қоямын немесе арнайы жәшікке тастаймын.
Экологиялық іс-шара аяқталғаннан кейін ең белсенді деген ұжымдарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Айта кетейік, жалпы Пресновка ауылында өткен экологиялық іс-шара барысында 15 тоннаға жуық қоқыс жиналды.
Ұлан Ыдырыс