Экология

“Туған жер” би ансамбліне – 15 жыл

Биыл “Туған жер” би ансамблінің құрылғанына – 15 жыл. Мерейтойға орай өнер ұжымы ауқымды концерт өткізді. Бұл жолғы шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Дарынды жандар көрерменге халық билерімен қатар орыс, шешен, украин, сыған және шығыс билерін ұсынды. Заманауи стиль де ұмыт қалмаған.

МАКСИМ ТОНКОВ, “Туған жер” би ансамблінің көркемдік жетекшісі:

— Бүгінде би ұжымының құрамында 22 биші бар. Барлығы шеттерінен талантты. 15 жылдың ішінде ондаған халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атандық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әлі де алар асулар жетерлік.

Өнер ұжымы концертке 3 ай бойы дайындалған. Көрерменге арнап бақандай 23 нөмір дайындапты. Барлығы – жаңа туынды. Бүгінгі концерт осынысымен де ерекше болды.

АЛДИЯР ТЕМІРҒАЛИЕВ, “Туған жер” би ансамблінің бишісі:

— Бимен айналысып жүргеніме 11 жылдан асты. Өнерге анам әкелді. Бұған дейін басқа ансамбльдерде өнер көрсеткенмін. Өзімді көрсете алмадым. Аталған ұжым бағымды ашты десек те болады. Көркемдік жетекшім мен әріптестерімнен көп дүние үйрендім. “Туған жер” би ансамбліне келгеніме еш өкінбеймін.

Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Қыз-жігіттер билерімен келген көрерменді өздеріне баурап алды. Мына отырған жандардың алғысы мен ықыласына бөленді.

 

Нұрасыл Ахмет