Экология

«Таза Қазақстан»: сенбі күні Бескөлден 2 жарым тонна қоқыс шығарылды

Бескөл ауылында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Ауылдың тазалығы мен көркін арттыруға бағытталған шараға түрлі мекеме өкілдері мен тұрғындар белсене қатысты. Сенбілікке қатысқан аудан әкімі Бейбіт Исманов бескөлдіктердің ұйымшылдығын атап өтіп, халықты игі іске жігерлендірді.

БЕЙБІТ ИСМАНОВ, Қызылжар ауданының әкімі:

— «Таза жер – қоқыс тасталмаған жер». Жұмыс ауқымды болғанымен, бірлескен күштің арқасында бәрін сапалы атқарамыз деп сенемін. Қоқысты уақытылы шығару үшін арнайы жүк көліктері дайын. Ең бастысы – ортақ мақсат бар. Бұл – “Таза Қазақстан” бастамасы аясында атқарылып жатқан маңызды іс.

Сенбілік барысында ауыл көшелері мен қоғамдық аумақтар тазартылды. Тұрғындар үшін бұл – тек бір күндік шара емес, экологиялық мәдениет қалыптастырудың әрі бастауы, әрі жалғасы. Әрбір атқарылған жұмыс ауылдың келбетін жаңартуға бағытталды. Қатысушылар ортақ еңбектің нәтижесі ауылдың ажарын аша түсетінін атап өтті.

Айта кету керек, аудан көлемінде өткен сенбілікке мыңға жуық адам қатысты. Оның 200-ге жуығы саябақ аумағындағы қоқысты шығару және ретке келтіру жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ, жұмысқа 20-ға жуық техника тартылды. Нәтижесінде аудан орталығынан 2 жарым тонна, ал жалпы аудан бойынша 8 жарым тонна қоқыс шығарылды.

Жангельді Жамалиев