Құқық қорғау органдары

Рейдке шыққан полицейлерге есепте тұрған әйел қарсылық танытты

ЖАНГЕЛДІ ЖАМАЛИЕВ, тілші:

— Біз қазір Қызылжар ауданы Бескөл ауылындамыз. Мұнда полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері бірлесіп, рейдтік іс-шара жүргізбек. Олар ауылды аралап, қолайсыз отбасылардың жағдайын тексереді. Сондай-ақ кешкі уақытта көше кезетін жасөспірім балаларды анықтайды.

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы рейд алдында қатысушылар сап түзеді. Мұнда тізімде тұрған жандармен, жасөспірімдермен тілдесу кезіндегі тәртіп жайлы айтылды.

АРҒЫН АМАНБАЕВ, Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы:

— Бұл шаралардың басты мақсаты – қоғамдық орындарда тыныштық пен тәртіптің сақталуына үлес қосу. Осы орайда қызметкерлер қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, есепте тұрған азаматтардың тұрмыс жағдайын бақылайды, олардың өмір салтына назар аударады. Қамтылатын санатқа әлеуметтік тұрғыда әлсіз отбасылар, бала тәрбиелеп отырған жанұялар, ішімдікке бейім адамдар және мерзімінен бұрын босатылған тұлғалар кіреді. Олармен алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, анықталған әрбір дерек заң аясында рәсімделіп, тиісті шешімдер қабылданады.

Алдымен тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын аралады. Мына үйде бескөлдік Юрий Аушев тұрады. Кезінде ішімдікке әуестенген қызылжарлық бүгінде полицияның тұрақты бақылауында. Мамандар оның жүріс-тұрысын тексеріп, тұрмыстық ахуалын бағалады. Тұрғынның айтуынша, тұрақты қадағалау оның қоғамға, тәртіпке бейімделуіне оң әсер еткен.

ЮРИЙ АУШЕВ, Бескөл ауылының тұрғыны:

— Менің ойымша, мұндай профилактикалық іс-шаралардың жүргізілуі өте орынды. Соның нәтижесінде мен ішімдікті толықтай қойдым, өмір салтым жақсы жаққа өзгерді. Соңғы бір айдан астам уақыт ішінде күнделікті бақылау жүргізілді, кейде күніне бірнеше реттен тексерулер болды. Қазір жағдайым тұрақты, тәртіпке бет бұрып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрмін.

Рейд барысында талапқа бағынбау деректері де тіркелді. “Бес саусақ бірдей емес” дегендей, үйлердің бірінде үш адамның ішімдік ішіп отырғаны анықталды. Соның бірі – есепте тұрған әйел. Екі ер адаммен ішімдік ішіп отырған әйел бейнекамераға түспеді. Көңіл көтерушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықтық жауапкершілік туралы ескертілді.

АҚЫЛ БАЙТЕҢІЗОВ, Қызылжар аудандық ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік инспекторы:

— Әйелмен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық әңгіме жүргізіліп, тиісті ескертулер берілді. Қазіргі таңда бұл кісіге қатысты сот шешімін орындамау фактісі бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабына сәйкес әкімшілік материалдар жинақталуда. Алдағы уақытта мұндай бағыттағы іс-шаралар жүйелі түрде, күнделікті негізде жалғасын табады.

Айта кету керек, бүгінде Қызылжар ауданында профилактикалық есепте 172 азамат тіркелген, олардың ішінде 12 жанұя қолайсыз жағдайдағы отбасы санатына жатады.

 

Жангельді Жамалиев