Петропавлдағы Жеңіс саябағынан полицейлер тонналап қоқыс шығарды. Мамыр мерекелері қарсаңында саябақта шамамен 500-ге жуық полиция қызметкері сенбілік өткізіп, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірін тазалады. 85 мың шаршы метр аумақты қамтитын саябақ бірнеше учаскеге бөлініп, әр бөлімшеге бекітілді. Қоғамдық жұмысқа ведомство басшылығы да қатысты.
АБАЙ ЖҮСІПОВ, СҚО ПД бастығы:
— Бүгін біз өзіміздің сүйікті қаламыз – Петропавл қаласының тазалығы, оның ішінде осы Жеңіс алаңы өзімізге бекітілді. Сол себептен барлық әріптестерге бүгінгі тазалық акциясына қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.
Айта кету керек, құқық қорғау қызметкерлері қыстан қалған қоқысты жүздеген қапқа салып, сыртқа шығарды. Бұл жұмыстарға үш жүк көлігі мен екі тиегіш жұмылдырылды.