Қоғам

Петропавлда аумақтық қорғаныс әскери бөлімі 8 жылдығын атап өтті

Петропавлдағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 99275 әскери бөлімінің құрылғанына 8 жыл толып отыр. Осыған орай құрметті қонақтардың, ардагерлердің және шенділердің қатысуымен салтанатты шара өтті. Көпшілік алдында облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев сөз сөйлеп, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан алғыс білдірді.

РУСЛАН ӘЛІШЕВ, CҚО әкімі аппаратының басшысы:

— Қуатты әскер – мемлекеттің берік тірегі, халық сенімінің кепілі. Баршаңызды аумақтық қорғаныс әскери бөлімінің құрылғанына 8 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер қысқа уақыт ішінде жоғары кәсіби деңгейлеріңізді көрсетіп, күрделі міндеттерді сенімді түрде орындай алатындарыңызды дәлелдедіңіздер.

Салтанатты шара барысында әскери бөлім қызметкерлерінің атқарған жұмыстары кеңінен айтылды. Табиғи апаттардың алдын алу бағытында мамандар мен сарбаздар аянып қалмайды. Осыдан 2 жыл бұрын орын алған су тасқыны кезінде тәуліктеп тер төкті. Осылайша қалыпты өмірді жақындатуға сүбелі үлес қосты.

САМАТ ҚАБЫЛБАЕВ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімі батальон командирінің орынбасары:

— Әскери бөліміміз өңірімізге қауіп төндіретін топан судың алдын алу және оны тоқтату жұмыстарымен тұрақты түрде айналысып келеді. Мысалы, 2 жыл бұрын болған су тасқыны кезінде біздің әскери бөлім белсенді түрде жұмылдырылып, барлық қызметкерлер күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Әсіресе, Қызылжар ауданы Тепличное ауылында су толқынының қатты келуіне байланысты біз тәулік бойы сол жерде кезекшілікте болып, апаттың алдын алуға және оның салдарын барынша азайтуға бар күшімізді салдық.

Мерекелік кеште адал әрі мінсіз қызметімен ерекшеленген әскери қызметшілер марапатталды. Солардың бірі – аға офицер Гүлнәр Анарбекова. Нәзікжанды Қарулы күштер қатарында 2009 жылдан бері қызмет етіп келеді. Жамбыл облысы Отар ауылында туып-өскен ол бала күнінен әскери ортаға қызығып, осы жолды таңдаған.

ГҮЛНӘР АНАРБЕКОВА, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімінің аға офицері:

— Бүгін мен бөлім командирінің атынан Алғыс хатпен марапатталдым. Алғысым шексіз. Қазақстан әскері жасасын! Тек қана биік белестерден көрінуіне тілектеспін. Қаруымыз атылмасын, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын.

Айта кету керек, салтанатты шарада 20-ға жуық қызметкер Алғыс хаттармен марапатталды.

Жангельді Жамалиев