Петропавлдағы “Qyzyljar” креатив орталығында өңірдегі кіші және орта бизнес өкілдерінің басы қосылды. Жиын “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қазақстандық іскер азаматтардың бизнесін кеңейту туры аясында өтіп отыр. Кездесу барысында жан-жақтан келген арнайы сарапшылар сөз алды. Олар теріскейлік кәсіп иелеріне аса қажет деректермен бөлісті.
ЗАРИНА МАВЛЯНИ, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы төрағасының орынбасары:
— Бұл жобаны жүзеге асыруға Орталық Азия франчайзинг қауымдастығы да сүбелі үлес қосты. Мұндай тур осымен 2-ші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр еліміздің 14 қаласында болдық, ал биыл17 шаһарды қамтимыз. Саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар келді. Олар кәсіпкерлерге кәсіпті автоматтандыру, қаржыны үнемдеу бойынша ақыл-кеңестерімен бөліседі.
Бүгінгі жиынға қатысып отырған сарапшының бірі – алматылық Жасұлан Мештаев. Оның консалтингтік компаниясы бар. Іскер жандарға цифрлық технологияларды қолдана отырып, кәсібін дамытуға көмектеседі. Азаматтың бұл саладағы еңбек өтілі 15 жылды құрайды.
ЖАСҰЛАН МЕШТАЕВ, сарапшы, Алматы қаласы:
— Біз кәсіпкерлерге тиімді қосымшаларды игеруге, өз істеріне еңгізуге көмектесеміз. Солардың бірі – “Bitrix24” платформасы. Бизнеске арналған біртұтас цифрлық жобаны тегін қолдануға болады. Ол сатуды арттыруға және бизнес-процестерді автоматтандыруға көмектеседі, шығынды азайтуға зор септігін тигізеді. Қазірдің өзінде 300-ге жуық компанияға орнаттық. Әріптестеріміз алғыс білдіруде.
Тың жобалар таныстырылған кездесуді Зарина Әбілдаева асыға күтіпті. Нәзікжанды – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Жақында арнайы орталық ашып, балаларды қабылдай бастаған. Азаматша осындай шарада тәжірибе толықтырып, кәсібін дамытқысы келеді.
ЗАРИНА ӘБІЛДАЕВА, қазақ тілін үйрену орталығының директоры:
— Өздеріңіз білесіздер, біздің өңірде қазақ тілін үйрену қиын. Осы орайда мен оқу орталығын аштым.
Айта кетейік, ақпараттық іс-шараға 40 жуық кәсіпкер қатысты.
Ұлан Ыдырыс