М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде алғаш рет А.С.Пушкин атындағы стипендия табысталды. Бұл марапатқа 5 студент ие болды. Оның үшеуі – Пушкин өмірі мен шығармашылығына арналған эссе байқауында топ жарған, екеуі университеттің белсенді студенттерінен және өңірге танымал тұлғалардан сұхбат алып, подкаст әзірлеген. Георгий Комаров – болашақ журналист. Оқуда озат, университет өмірінде белсенді. Небәрі 2-ші курста оқыса да әр еңбегінің өзіндік ерекшелігі бар.
ГЕОРГИЙ КОМАРОВ, А.С.Пушкин атындағы стипендия иегері:
— Подкастты заманауи форматта жазуға тырыстық. Бір сағаттық сұхбатты бірнеше жерде жазамыз. Бүгінде 15-ке жуық кейіпкерден сұхбат алыппыз. Қаралымдар саны күннен күнге артып жатыр. Жалпы, подкаст университет студенттері арасында танымал. Жұмысымыздың сәтті болғанына қуаныштымыз.
Іс-шара барысында студенттер А.Құнанбаев пен А.Пушкиннің өлеңдерін оқып, туындыларынан қойылым қойды. Осылайша, екі халықтың да мәдениетіне құрметін білдірді.
ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі:
— Бұл марапат студенттерге бірлік, бейбітшілік пен келісімді, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты дамытудағы белсенділігі үшін беріледі. Жастарымыз бұл байқауда университет намысын абыроймен қорғай білді.
Жалпы эссе байқауына 37 студент қатысты. Үздіктерге берілген бірреттік стипендияның көлемі 20 мыңнан басталып 50 мың теңгеге дейін жетеді.
Стипендияны Омбы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орыс-қазақ достығы орталығының өкілдері табыстады.