Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Петропавлдың сыртындағы жолды су шайды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында су тасқынына қатысты соңғы деректар айтылды. Жауапты мамандардың баяндамасына сүйсенсек, қазір тасқының алғашқы толқынының шектік деңгейі Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылы маңынан өтуде. Дәл осындай жағай сәуірдің 19-20 күндері Петропавл төңірегінде байқалмақ. Дегенмен, бүгіннің өзінде облыс орталығында аса назар аударарлық жайт тіркеліп отыр.

НАТАЛЬЯ ЛЕВИНА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директорының орынбасары:

— 16-сәуір күнгі таңғы 8:00-дегі ақпаратпен бөліссем, Петропавл маңындағы су деңгейі 939 см құрады. Ал қауіпті деңгей – 940 см. Қазірдің өзінде Петропавлдың сыртындағы жолға су шығып жатыр. Демек, жақын арада трассаны тасқын басады. Сергеев су қоймасындағы жағдай тұрақты. Мұнда 7-сәуірде тасқынның бірінші толқынының шыңы 922 см деңгейінде тіркелді. Ернеуінен асқан судың биіктігі – 122 см. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 70 см-ге төмен.

Дегенмен, көп ұзамай Сергеев қоймасындағы көрсеткіш артады. Бүгінгі таңда Ғ. Мүсірепов және Шал ақын аудандарында орналасқан гидрологиялық бекеттерге Жабай, Қалқұтан, Терісаққан өзендерінен су келуде. Яғни, 1 мамырға қарай Петропавл маңына тасқынның екінші толқыны жетеді. Алайда, оның көлемі ауыз толтырып айтарлықтай көп болмайды деген болжам бар.

СЕРІК ҒАЙСИН, СҚО әкімі аппараты азаматтық қорғау, терроризм профилактикасы және оның алдын алу бөлімінің басшысы:

— Су тасқынына арналған облыстық төтенше жағдай резерві 6,9 млрд теңгені құрайды. Жолдағы су өткізгіштерін ашу жұмыстары аяқталды. Күштер мен құралдар тобы жасақталды. 283 эвакуациялық пункт дайындалып, 23 500 тонна инертті материал, 549 000 қап контейнерлер, 58,6 тонна жанар-жағармай жинақталып, 460 бірлік су сору техникасы кезекшілікке қойылды. Әзірге өңірімізде алаңдатарлық жағдай тірклемейді.

Егер қауіп төнсе, күш пен құралдар сақадай сай тұр. Әзірлік жайына Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Әсет Шайкин тоқталды. Оның сөзінше, қатерге толы кезең үшін 2223 адам және 1428 техника дайындалған. Білек сыбана тер төгуге дайын азаматтардың қатарында наурыздың соңында Алматы облысынан келген 100 әскери қызметкер де бар.