Мәдениет

Облыстың Құрметті азаматы Болат Сағындықовты еске алу кеші

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, жазушы Болат Сағындықовтың туғанына – 90 жыл. Өткен жылы ғана келместің кемесіне мінген ақсақалдың мерейтойына орай Петропавлда “Есімі ел есінде” атты еске алу кеші өтті. Тар жол, тайғақ кешкен, даналығы бір төбе жерлесіміз – Мамлют ауданы Бостандық ауылының тумасы. Еңбек жолын қарапайым агрономнан бастаған. Қажырлы еңбегінің арқасында аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызмет атқарған. Шара барысында азаматтың зайыбы Күннәр Қабдөшевамен тілдестік.

КҮННӘР ҚАБДӨШЕВА, Болат Сағындықовтың зайыбы:

— Болат Сағындықов қайсар мінезді, ақкөңіл жан болды. Ойға алғанын міндетті түрде жүзеге асыратын. Адал, сертке берік азамат болды.

Болат Сағындықов зейнетке шыққан соң үйде отырып қалған жоқ. Қоғамдық істерге араласты, кітап жазумен айналысты. Азамат өмір бойы солақай саясаттың сойылын татқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеді. “Память” қоғамдық қорын құрғанын ел жақсы біледі. Оның нәтижесі барлығымызға белгілі.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Болат ағамыз саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеймін деп басын тауға да, тасқа да соқты. Бармаған жері жоқ. Талай жылғы еңбектің нәтижесінде қаланың қақ ортасында 8 мың адамның аты жазылған мемориалдық кешенді орнатып кетті.

Еске алу кеші барысында Күннәр Қабдөшева жинақтаған “Мінезімен өрілген тағдыр” атты кітаптың тұсауы кесілді. Туындыда Болат Сағындықовтың таңдамалы шығармалары және өмірімен қоштасар алдында ауырып жатып жазған өлеңдері бар. Сонымен қатар, қуғын-сүргін құрбаны болған әкесіне қатысты құжаттар топтасқан. Олар Президенттік архивтен алыпты. Маңызды деректерді былтыр, сәуірдің 13-і күні қайтыс болған Болат Мағазұлы ондаған жыл іздеген.

 

Нұрасыл Ахмет