Қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушыларымен кездесті. Біреу білсе, біреу білмес теріскейлік толағай – аталған білім ұясының түлегі. Спорттық жолын дәл білім ұясының қабырғасында бастаған.
ЮРИЙ ЛЕБЕДЕВ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені дене шынықтыру пәні мұғалімі:
— Мектеп кезінде Ербол өте еңбекқор болды. Футболды жаны сүйді. Қалалық және облыстық жарыстарда команданы алға сүйрейтін. Жаттығудан ешқашан қалған емес. Қайтпас қайсар мінезі оны чемпион қылды. Ерболдай шәкіртім бар екенін мақтанамын.
Салтанатты шарадан кейін Ербол Хамитов мектеп ауласына ағаш екті. Өзі дайындалған спорт залы мен футбол алаңдарын аралады. Естелікке толы оқушы кезін еске түсірді. Спортшының артынан еріп келе жатқан жастарға айтары көп.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, XIV қысқы Паралимпиада чемпионы:
— Қандай жағдай болмасын ешқашан сынбандар. Білім алыңдар, тұрақты түрде спортпен айналысындар. Адам талмай еңбек етсе ғана зор жетістікке жете алады.
Кейін мектептің акт залында оқушылармен мазмұнды кездесу өтті. Теріскей тарланы ұл-қыздарға өзінің спорттық жолын, кездескен қиындықтар жайлы айтып берді. Ел мерейін асырған спортшы – көпке үлгі. Чемпионмен тілдесу жастарға зор пайда әкелері сөзсіз.
РАХАТ МҰРАТОВ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
— Мектепке Паралимпиада чемпионының келгеніне қуаныштымын. Бізге біршама ақыл-кеңес айтты. Болашақта Ербол сияқты чемпион болғым келеді.
Айта кету керек, қазіргі таңда №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 2 мыңға жуық бала білім алады. Оларға 150-ден астам ұстаз сабақ береді.
Нұрасыл Ахмет