Петропавлда қылмыс атаулы өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға азайған. Оның ішінде аса ауыр санаттағы түрі 54,5 пайызға төмендепті. Тонау мен ұрлыққа қатысты да жағымды құбылыс байқалады. Бұл туралы қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жедел кеңесте баяндады.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ – қалалық ПБ бастығы:
— Қазіргі күні Петропавлда бопсалаудың 6 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмен. Ал тонау 33%-ға азайды. Бұдан бөлек бөтен мүлікті ұрлаудың 74 фактісі, автокөлік айдап әкетудің 4 дерегі анықталды. Осы қылмыс түрлерінде жағымды статистика байқалады. Яғни, теріс әрекеттер саны азайып келеді. Оған қоса қылмыстың ашылуы өткен тоқсанмен салыстырғанда 64 пайыздан 72-і пайызға артты.
Серік Дарханұлының сөзінше, өңірде әлі де өзекті мәселелер жетерлік. Солардың бірі – интернет-алаяқтық. Себебі, жымысқы әрекеттерін жасайтын жандар көбіне жазадан жалтарып кететін көрінеді. Салдарынан бұл қылмыс түрі азаймай отыр. Осы орайда ведомство бастығы Абай Жүсіпов мәселені шешу бойынша нақты тапсырмалар берді. Айтуынша, интернет-алаяқтықты тыю үшін профилактикаға басымдық беру қажет. Жалпы, биыл өңірде интернет-алаяқтықтың 140-тан астам дерегі анықталған, тұрғындарға қулардан келген шығын 350 млн теңгені құрап отыр.