Петропавлдағы “Ботай” арт-галереясында Алматы қаласынан арнайы келген танымал суретші Гүлжанат Қабижанованың “Киіз палитрасы” атты жеке көрмесі ашылды. Суретшінің жұмыстарында киіз өнері жаңа қырынан көрсетілген. Дәстүрлі текемет пен сырмақ заманауи туындыларға айналыпты. Шамамен 30-ға жуық жұмыс ұсынылды.
ГҮЛЖАНАТ ҚАБИЖАНОВА, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Алматы қаласы:
— Мен кәсіби суретші болғандықтан көптеген картинаны өмірге әкелдім. 15 жыл бұрын ең керемет өнердің бірі – киіз басу өнерін меңгере бастадым. Өзімнің кәсіби суретші ретіндегі негізге киіз басу технологиясын келтіріп, картиналар әзірлей бастадым. Әр картинаның өзіндік мағынасы бар. Ал киіз өнері картинаға дем, ауа, қимыл береді. Яғни, материалдық жағынан бай қылады.
Гүлжанат Қабижанова – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, сәндік-қолданбалы өнер саласының Алтын медаль иегері, “Мәдениет үздігі” атағының лауреаты, педагогика ғылымдарының кандидаты. Бір басында бірнеше атағы бар көпқырлы суретші. Шебердің туындылары еліміздің музей қорларында, сондай-ақ шетелдік жеке коллекцияларда сақтаулы тұр. Айта кету керек, көрме Петропавл тұрғындары мен қонақтары үшін айдың соңына дейін жалғасады. Туындыларды “Ботай” арт-галереясына келіп, тамашалай аласыздар.
Жаннұр Бектұрғанова