Жақында күллі әлемде Еуропалық иммундау апталығы басталады. Барлық жастағы адамдарды вакциналап, қауіпті аурулардан қорғауға бағытталған науқан 2012 жылдан бастап сәуір айының соңғы жұмасында ұйымдастырылады.
АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
— 2026 жылы Еуропалық иммундау апталығы 19-25 сәуір аралығында «Вакциналар әр ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен өтеді. Бұл науқан вакцинацияның көптеген жылдар бойы адамдарды, отбасыларды және тұтас қоғамдарды қауіпсіз қорғап келгенін, әрі болашақта да қорғауды жалғастыратынын еске салады.
Еуропалық иммундау апталығы аясында 21 инфекциялық және паразиттік ауруға қарсы міндетті профилактикалық егулер жүргізіледі. Олардың қатарына дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, пневмококк инфекциясы, полиомиелит, сіреспе, туберкулез және өзгелер кіреді. Вакцинация егілетін адамның ақпараттандырылған келісімімен жүзеге асырылады. Екпе ақысыз негізде қойылады.
АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
— Еуропалық иммундау апталығы кезеңінде барлық ниет білдірген ересектер мен балалар, соның ішінде басқа елдерден келген, тіркеусіз тұратын, тұрақты тұрғылықты жері жоқтар аумақтық емханаларға барып, тегін екпе ала алады. Есіңізде болсын, тек уақтылы вакцинация Сізді және сіздің балаларыңызды жұқпалы аурулардан және олардың зардаптарынан қорғайды.
Брифинг барысында Арман Күшбасов вакцинация – медицина тарихындағы ең қуатты құралдардың бірі екенін атап өтті. Соңғы жарты ғасырда екпелер 150 млн-нан астам адамның өмірін сақтап қалған.
Байболат Құлтанов