Құқық қорғау органдары

Болашақ дәрігерлерге есірткінің зияны түсіндірілді

Жыл басынан теріскейлік полицейлер 68 есірткі қылмысын анықтады. Оның тең жартысы – зиянды затты сату дерегі. Заңсыз айналымнан 10 келіден астам есірткі тәркіленген. Зиянды затты сатып, оңай жолмен ақша тапқысы келгендердің дені – жастар. Статистика одан әрі өршіп кетпес үшін полицейлер мен білім басқармасының өкілдері күн сайын колледж студенттерімен кездесіп жүр. Бүгін олар Жұмағали Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжге аяқ басты.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, Әдістемелік орталық директорының орынбасары:

— Іс шараның негізгі мақсаты – оқушылардың бойына құқықтық тәрбиені сіңіру.Шараның нәтижесінде біз студенттердің арасында құқықтық мәдениет қалыптастырамыз. Есірткіге мүлдем жоламауға шақырамыз.

Нашақорлық мен есірткі – қоғам дерті. Талай жанның тағдырына балта шауып, талқан етті. Шара барысында студенттерге синтетикалық заттардың жас ағзаны қалай улайтыны туралы бейнеролик көрсетілді. Ал сатумен немесе таратумен айналысқандар бірден 5-12 жылға темір торға тоғытылатыны айтылды.

ШҰҒЫЛА ЕРҒАЛИ, Ж.Тілеулин атындағы жоғары медициналық колледжінің студенті:

— Менің ойымша, есірткінің зияны көп. Себебі, ол адамның жүйке жүйесін бұзады, ойлау қабілетін төмендетеді. Біз достарымызбен бірге тұрақты түрде спортпен айналысамыз.

Қазір есірткі қылмысымен күрес амалдарының бірі – қауіптің алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сондықтан, полицейлер мен білім басқармасының өкілдері мұндай шараларды жиі өткізуді жоспарлап отыр.

Жангельді Жамалиев