Экология

Жасыл болашаққа қадам

Петропавлдағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектепте экологиялық бағыттағы ауқымды шара өтті. Мұнда оқушылар табиғатты қорғауға бағытталған түрлі бастамаларға белсене араласып, өздерінің жауапкершілігін іс жүзінде көрсетті. Ұйымдастырушылар бұл шара арқылы жас ұрпақтың экологиялық көзқарасын қалыптастыруды көздейді.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, әдістемелік орталық директорының орынбасары:

— Бүгін «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында республикалық челлендж өтуде, яғни СҚО бұл челленджді Батыс Қазақстан облысынан қабыл алды. Челлендждің мақсаты – білім алушылардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Табиғатты қорғау – тек бір күндік шарамен шектелмейтін құндылық. Оқушылар да осыны терең түсініп, қарапайым әрекеттер арқылы зор өзгеріске бастау болатынын ұғынуда. Әрбір тазаланған аула мен отырғызылған гүл – олардың болашаққа жасаған нақты қадамы. Бұл ойды жас буынның өзі де сеніммен жеткізді.

СӘБИНА ЕРЖАНОВА, оқушы:

— Экология – бұл біздің Жер-Анаға деген жанашырлығымыз бен қамқорлығымыз. Әр кішкентай іс – табиғатты аялау, су көздерін ластамау, ағаш отырғызу зор мәнге ие. Менің ойымша, біз, яғни балалар да бұл игі іске өз үлесімізді қосып, өзгелерге үлгі бола аламыз. Егер әрқайсысымыз өзімізден бастасақ, жеріміз жайнап, таза да көркем мекенге айналады.

Игі іс барысында оқушылар табиғатқа қамқорлық жасаудың тағы бір жарқын үлгісін көрсетті. Олар үлкендермен бірге құстарға арнап ұя жасап, айналадағы тіршілік иелеріне жанашырлық танытуда. Бұл бастамаға ата-аналар да белсенді түрде атсалысуда. Олардың бірлескен еңбегі ортақ құндылықтарды нығайтып, шараның тәрбиелік маңызын арттыра түседі. Әсіресе, әкелер қауымы өз тәжірибесімен бөлісіп, табиғатты қорғаудың қарапайым жолдарын көрсетуде.

ЮРИЙ АЛЕКСЕЕВ, қала тұрғыны:

— Бүгін мектебімізде өтіп жатқан экологиялық шараға біз, жаңадан құрылған Әкелер кеңесінің мүшелері мен қамқоршылық кеңестегі ата-аналар белсене қатысып отырмыз. Балалармен бірге құстарға ұя жасап, өзге оқушыларға табиғатты аялаудың қарапайым қағидаларын түсіндіріп, үлгі көрсетудеміз. Табиғатқа зиян келтірмей, әр істі дұрыс атқарудың жолдарын іс жүзінде таныстырып, бағыт берудеміз.

Табиғатқа жанашырлық таныту – баршаға ортақ міндет. Осындай шаралар арқылы жас ұрпақтың бойында жауапкершілік пен қамқорлық сезімі қалыптасады. Енді бұл челлендж өзге өңірлерге жолданып, игі дәстүр жалғасын табады.

Жангельді Жамалиев