Қоғам

СҚО-да көктемгі аңшылық маусымы басталады

25-сәуір күні Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі аңшылық маусымы басталады. Осы орайда тиісті талапқа тоқталайық. Өзен-көлдердің жағасында тек екі қанаттыны нысанаға алуға болады. Олар: дала үйрегінің еркегі мен құр. Табиғат аясына шығып, тұмсықтыларды қанжығаға байлаулы көздеп отырған азаматтар қазірден құжаттарын әзірлей бергендері абзал.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

— Бірінші кезекте адамның өзімен бірге аңшылық билеті, қару ұстауға рұқсат қағазы болуы керек. Сонымен қатар, белгілі бір бағаға аңшылық шаруашылықпен келісімшарт жасасуы тиіс. Сома атып алатын құстың санына байланысты тағайындалады. Талапқа мойынұсынбағандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Инспекциямызда арнайы топ бар. Олар әр ауданды тексеріп, тәртіпті бақылайды.

Олег Беспаловтың сөзінше, аңшы құжатта жоқ аңды немесе құсты атып алса, ауыр жаза тағайындалады. Мысалы, облысымызда көп кездесетін елік пен қабанды қанжығаласа, айыппұл арқалайды. Оның көлемі 1,5 мен 3 млн теңгенің аралығында болады. Сонымен қатар, тәртіпсіз тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

— Былтыр табиғатты қорғау талаптарын өрескел бұзудың 3 фактісі анықталды. Браконерьлер ұсталды. Олар 9 бірдей елікті жайратып салған. Заңға бағынбай, табиғат әлеміне шығын келтіргендердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, шартты түрде сотталды. Сонымен қатар, айыппұл салынды.

Мұндай жайт биыл да тіркеліп үлгерді. Қызылжар ауданында заңсыз аң аулаған адам ұсталды. Айта кету керек, көктемгі аңшылық маусымы 9-мамырға дейін жалғасады. Биыл теріскейлік аңшыларға 2600 құсты атуға рұқсат етіледі.

Нұрасыл Ахмет