Солтүстік Қазақстан облысында сотталғандарды ұстау ережелері бұзылған. Жаға ұстатарлық деректер облыстық прокуратура қабырғасында өткен тікелей эфир барысында айтылды. Қадағалау органы өкілдерінің дерегінше, ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінің бірінде 2024-2025 жылдары жұмыспен қамтылған 5 сотталғанға еңбек демалысының кестесі жасалмаған. Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жалақы толық көлемде және белгіленген мерзімдерде төленуі тиіс, ал кешіктірілген жағдайда қызмет ұсынушы әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеуге міндетті. Дегенмен, осы сотталғандардың еңбек шарттарында өсімпұл есептеу туралы ережелер көзделмеген. Бұдан бөлек, жалақының кешіктірілуінің нақты фактілері анықталды. Мысалы, «СКО Мастер» жеке кәсіпкерлігі берешекті 6 күнге кешіктірген. Прокурорлардың араласуынан кейін кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуші тұлғалардың құқықтары қалпына келтірілді.
— Тағы бір мысал денсаулықты қорғау құқығына қатысты. Денсаулық сақтау және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін тексеру барысында диспансерлік есепте тұрған сотталғандардың қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілмегені анықталды. Сондай-ақ, мерзімі өткен дәрі-дәрмектердің болуы және олардың жеткіліксіздігі фактілері анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы қадағалау актісін енгізіп, оның қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.