Ағымдағы жылы қазақстандықтар қыркүйектің 15-іне дейін жалпыға бірдей табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырулары тиіс. Осы орайда жерлестеріміздің құлағына алтын сырға – аталмыш құжатты белгіленген уақытқа дейін толтырмаған тұлғалар ескерту алып немесе 15 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Биылғы жылы ел тұрғындары декларацияның 270-ші нысанын толтыруы тиіс. Ол мына санаттарға қатысты.
МӘДИНА ҚАБДӨШЕВА, Петропавл қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:
— Мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары, құрылтайшылары, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлесінің 10%-ына иелік ететін тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары. Кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірісін алған жеке тұлғалар.
Аталмыш құжатты қарапайым қызметкерлер, студенттер, жұмыссыз азаматтар әрі зейнеткерлер тапсырмайды. Бірақ оларда, шетелдік актив пен қымбат мүлік әрі қосымша табыс болмауы тиіс. Бұны кейбір жандар біле бермейді. Осы орайда біз қала тұрғындарының декларация жайлы пікірін тыңдап қайттық. Айта кетейік, декларацияның 270-ші нысанын онлайн түрде электрондық үкімет порталы, салық төлеушінің кабинеті немесе “eGov.kz”, “e-Salyq Azamat” порталы арқылы тапсыруға болады. Сонымен қатар, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болады.
Ұлан Ыдырыс