Елімізде “Халықаралық еріктілер жылы” аясында әлеуметтік маңызы зор жобалар қолға алынып жатыр. Солардың бірі – “Жаңа Адамдар” белсенділер қозғалысы ұйымдастырған “Қан тапсыр – ерікті бол!” науқаны. Шараның мақсаты – медициналық көмек қана емес, бір-біріне бейжай қарамайтын, қуатты және жауапты азаматтардан тұратын қоғам қалыптастыру.
КАРИМА ЖҮНІСОВА, “Жаңа Адамдар” қозғалысының белсендісі:
— Қан тапсыру – ол нағыз еріктіліктің көрінісі. Себебі, қанды жасанды жолмен жасау немесе технологиямен алмастыру мүмкін емес. Ол тек адамның өз еркімен жасаған ізгі қадамы арқылы табылады. Сондықтан әр донордың үлесі өте маңызды. Біз барша петропавлдықтарды осы игі іске атсалысуға шақырамыз!
Науқанға қатысу үшін qantapsyr.kz сайты арқылы тіркеліп, донорлыққа қатысты қажетті мәліметтермен танысуға болады. Кейін қан орталығына барып тиісті рәсімдерден өту қажет. Әр донордан 450 мл қан алынады. Бұл адамдар үшін толықтай қауіпсіз. Дәрігерлердің айтуынша, тұрақты донор болу иммунитетті қалыптастырады.
ЕВГЕНИЯ ЗАХАРОВА, облыстық қан орталығының терапевт-дәрігері:
— 18 жастан асқан әрбір азамат донор бола алады. Өзіңмен бірге жеке куәлігің болғаны жөн. Донор қан орталығына келгенде алдымен тіркеуден өтеді, кейін оның қаны тексеріледі. Қан тобы, резус-фактор және гемоглобин көрсеткіштері анықталады. Одан кейін терапевт-дәрігердің қабылдауына барады. Терапевт донордың қан анализін тексереді. Қарсы көрсетілімдері болмаса, қан тапсыруға рұқсат береді. Жалпы, қан алу рәсімі 10 минуттан аспайды.
Жалпы, бүгінде республика бойынша бастамаға қосылғандардың саны күн сайын артып келеді. Петропавлдағы “Жаңа Адамдар” қозғалысының штабынан екі күнде 30-дан астам адам қан тапсырды. Аталған ұйымға жергілікті жерде 100-ден астам белсенді мүшелік етеді.
ДИАНА КРАСНОЩЕКОВА, ерікті:
— Қазіргі таңда ағамның анасы ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Оған қан қажет. Сол себепті, мен осы науқанға досыммен бірге қатысып, донор болуды жөн көрдім. Жастардың осындай игі бастамаларға қатысатыны қуантады. Бұл – науқас жандар үшін зор көмек.
“Қан тапсыр – ерікті бол!” науқаны Қазақстанның 18 қаласын қамтиды. Айта кетейік, науқан айдың соңына дейін жалғасады.
Жаннұр Бектұрғанова