Киров атындағы зауыт – еліміздегі тарихы бай кәсіпорындардың бірі. Таспасы қиылғанына 2 жылдан соң тура 100 жыл болады. Өндіріс ошағы – экономикамызға аса қажет құрал-жабдықтарды шығарушы. Мысалы, мұнда арнайы байланыс құрылғылары мен цифрлық теледидар жабдықтары, теміржол автоматикасы мен телемеханика жүйелері және тағы да басқалалар жасалады. Зауыт шағын шеберханадан жоғары технологиялық жабдықтары мен білікті кадрлары бар заманауи кәсіпорынға айналып отыр. Бүгінде мұнда 600-ден астам адам еңбек етеді. Көпке танылған өндіріс ошағының басшылығы «Отбасы банк» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат жұмысшыларды тұрғын үймен қамтуды көздейді. Қаржы институты «Корпоративтік» өнімін ұсынады. Зауыттың араласуы арқылы жүзеге асатын бағдарлама мамандардың баспаналы болуына жол ашады. Тиімді тетіктерден тұратын мұндай меморандум ащы сусындар шығаратын кәсіпорынмен де жасалды. «Отбасы банк» басшылығы кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан зауыт жаңғыртудан өтіп, бүгінде еліміздегі алкоголь өнімін шығаратын жетекші өндірушілердің біріне айналған. Өндіріс толық автоматтандырылған және халықаралық стандарттарға сай келеді.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
— Бүгін біз Киров атындағы зауытта болдық, түске дейін “Alageum Electric” кәсіпорнын араладық. Меніңше, Петропавл мен басқа да өңірлер үшін инженерлік мамандық иелерін қолдайтын жеке бағдарламаның болғаны жөн. Бұл осындай зауыттардың тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қажет. Біз алдағы уақытта «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламасының жалғасы ретінде арнайы өнім де әзірлейміз. Бүгін ұжыммен кездесіп, жобаларды түсіндірдік. Бірнеше адамның жинағы бар, депозиттері ашылған, бірақ олар бәрібір бастапқы жарнасы төмен бағдарламаларды сұрап отыр.
Қоса кетсек, «Отбасы банк» АҚ тиесілі «Корпоративтік» өнімі 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Содан бері Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Алматы, Астана сынды қалаларда қолдау тауып, кәсіпорын жұмысшыларына баспана мәселесін шешуге көмектесті. Петропавлда тиімді мүмкіндікті «Alageum Electric» компаниясының қызметкерлері пайдаланып үлгерді.