Өңірге жұмыс сапарымен келген “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Петропавлдағы “Alageum Electric” компаниясына тиесілі 9 қабатты үйде болып қайтты. Мұнда барлығы – 104 пәтер бар. Онда серіктестіктің “Отбасы банкпен” жасалған “Корпоративті өнім” бағдарламасы аясында электротехникалық зауытта жұмыс істейтін жандар тұрады.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы:
— “Корпоративті” өнім бағдарламасы өте тиімді. Шотыңызда бастапқы жарнаның 20-30 пайызы болмаса да сіз несиеге үй рәсімдей аласыз. Яғни, сіз пәтерде тұрып жалдау ақысын төлейсіз, бірақ ол сіздің шотыңызда бастапқы жарна болып жинала береді. Кейін баспананы өз атыңызға аударып, ипотекалық несие рәсімдейсіз.
Аталмыш бағдарлама арқылы баспаналы болып жатқан жандардың бірі -Бейбіт Ыбыраев. Ол Петропавл электротехникалық зауытында техникалық директор болып қызмет етеді. 2 баланың әкесі отбасымен теріскейге 4 жыл бұрын Түркістан облысынан қоныс аударған. Бүгінде ер азамат 3 бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.
БЕЙБІТ ЫБЫРАЕВ, Петропавл электротехникалық зауытының техникалық директоры:
— Қазіргі таңда осы “Отбасы банктің” “Корпоративтік өнім” бағдарламасы арқылы таңертең ғана қолыма құжаттарымды алдым.
Ләззат Ибрагимова Бейбіт Ыбыраевты жаңа пәтерімен құттықтады әрі аталмыш бағдарламаның тиімділігін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі таңда “Корпоративті өнім” бағдарламасы аясында электротехникалық зауыттың 3 қызметкері баспаналы болды.
Ұлан Ыдырыс