Петропавлда қылқаламды серік еткен талант иесі Шерияздан Қажымұратұлының есімі ел жадында қайта жаңғыра түсті. Ол 1931 жылы 17 қарашада Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылында дүниеге келіп, бала күнінен өнерге, әсіресе бейнелеу әлеміне ерекше жақын болды. Уақыт өте келе бұл қызығушылық үлкен шығармашылық жолға айналып, ол өз еңбегімен өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде танылды. Осындай өнер иесінің болмысын бірге көріп, шығармашылығына куә болған жандардың бірі – Серікбай Құсайынов. Оның сөзінше, Шерияздан Қажымұратұлы тек суретші ғана емес, тұтас бір өнер мектебін қалыптастырған жан болған.
СЕРІКБАЙ ҚҰСАЙЫНОВ, күйші, СҚО құрметті азаматы:
— Шерияздан ағамның салған суреттері өте көп, ол кісінің өнері ерекше еді. Мен үнемі оның жанында жүріп, шығармашылығына куә болатынмын. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде көркемсөз оқудың шебері болып, түрлі іс-шараларда көзге түсті. Кейін концерттік бағдарламалардың хабарлаушысы ретінде де танылып, сахна мәдениетін меңгерді. Сонымен қатар, сурет салумен айналысып, өз еңбегі арқылы халыққа кеңінен танылған өнер иесіне айналды.
Өнер иесінің артында қалған бай мұрасын ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған еске алу көрмесінде оның ең таңдаулы 25 картинасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындылар – суретшінің әр жылдардағы ізденісін және ішкі әлемін айқындайтын құнды еңбектер. Ал оның шығармашылық қорында 500-ден астам сурет бар екен.
АЯН ҚАЖЫМҰРАТОВ, суретші Шерияздан Қажымұратұлының немересі:
— Атам тек өз ісімен ғана шектелмей, сахна өнеріне де ерекше үлес қосты. Ол республикалық және облыстық деңгейдегі қойылымдарға қатысып, өнерімен көпшілікке танылды. Әсіресе, «Еңлік – Кебек» пен «Қыз Жібек» спектакльдерінде Бекежанның рөлін шебер сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Сонымен қатар, қойылымға қажетті барлық құрал-жабдықтарды, жауынгерлердің киімдерін және сахнаның безендірілуін өз қолымен жасап, ауылымызда үлкен шығармашылық ұжым қалыптастырды. Сол еңбегінің арқасында атам ел ішінде кеңінен танылған, қадірлі тұлға болды.
Шерияздан Қажымұратұлы 2021 жылы 94 жасында өмірден өткен. Дарынды тұлға артында баға жетпес рухани мұра қалдырды. Бүгінде оның есімі ел жадында сақталып, еңбегі жас ұрпаққа өнеге болып отыр.