Спорт

“Қызылжар” футболшылары жастармен кездесті

“Қызылжар” сапында доп тебетін Мирас Елеукин мен Никита Губарев жергілікті жастармен жүздесті. Әдетте жасыл алаңда көретін футболшылар «BIR TOLQYNDA» атты диалог алаңында өздерінің туған жері, балалық шағы, мансабы, арман-мақсаттары туралы айтып берді. “Қызылжар” сапына биыл ғана “Қайсардан” қосылған Никита – Атбасар қаласының тумасы. Көкшетау футбол мектебінің түлегі – қорғаушы. Осыдан бірер жыл бұрын ауыр жарақат алып, спортпен қоштасуға бел буған. Алайда, ата-анасы қолдау танытыпты. Қазір Қазақстан жастар құрамасына мүшелік етеді. Ал Мирас – теріскейдің тумасы.

МИРАС ЕЛЕУКИН, “Қызылжар” ФК қорғаушысы:

— Есіл ауданының орталығы саналатын Явленка ауылында тудым. 4 жасымда әкемді жұмыс бабымен Петропавлға ауыстырды. Осы жерде футбол үйірмесіне жазылдым. Футболшы болу үшін аянбау керек. Сонда нәтиже болады.

Кездесуге қатысқан жастар белсенділік танытты. Олар футболшыларға сұрақтар қойып, жауап алды. Ал жүздесу соңында алдағы ойындарда сәттілік тіледі. Өз кезегінде Мирас пен Никита қыз-жігіттерді тұрақты жанкүйер болуға шақырды.