Қызылжар ауданында биыл көктемгі егіс жұмыстарына 200-ге жуық агроқұрылым қатысады. Бескөлде бүгін диқандардың басын қосқан жиында олардың маңызды іске дайындығы талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Санат Әубәкіровтің айтуынша іскерлер техникасын сайлап, науқанға білек сыбана кіріскелі отыр. Көктемгі-дала жұмыстарына барлығы – мыңнан астам техника жұмылдырылады. Оның 200-ден астамы өткен жылы сатып алынған. Далаға себілетін тұқым қоры да әзір. Биыл 21 мың тоннасы егілмек. Оның 18 мың тоннасы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар.
САНАТ ӘУБӘКІРОВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
— Аудан бойынша биыл егіс алқабы 197 мың гектарды құрайды. Оның 123 мың гектарына дәнді дақылдар, ал 48 мың гектарына майлы дақылдар егіледі, қалғаны жемшөпке арналады. Осы ретте топырақтың құнарлылығын сақтауды да ұмытпаған жөн. Аудан шаруашылықтары егіс алқаптарына 18 мың тоннадан астам тыңайтқыш себуді жоспарлап отыр.
“АЛЕКРИ АГРО” серіктестігінің директоры Александр Прядконың 8 мың гектар жері бар. Агроқұрылымға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілген. Іскер жан қаржы ұйымынан жеңілдетілген пайызбен несие алған. Көктемгі егіс жұмыстарына сақадай сай.
АЛЕКСАНДР ПРЯДКО, “АЛЕКРИ АГРО” ЖШС директоры:
— Біз 3-4 жылда бір рет тұқым ауыстырамыз. Серіктестікте 60 адам еңбек етеді. 20 техникамыз бар. Қыс бойы оларды жөндеп шықтық. Ауа райы қолайлы болса осы маңызды істі ерте бастауды жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, Қызылжар ауданында “Кең дала-2” бағдарламасы аясында 15 агроқұрылым жеңілдетілген пайызбен несие алған. Көрсетілген көмектің жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңгеден асып жығылады.
Ұлан Ыдырыс