Петропавлда Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік еңбек ері Есім Шайкиннің 100 жылдығына орай қазақ күресінен ашық облыстық турнир өтті. Көзі тірісінде әрдайым төрден орын алған азаматты солтүстік жұрты жақсы біледі. Ол өңірдің дамуына, спорттың алға басына сүбелі үлес қосты. Жарыс “Қызмет” салалық кәсіподағы облыстық филиалының бастамасымен және Жамбыл, Шал ақын аудандық әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
ҚАНАТ ОМАРОВ, СҚО спорт ардагерлері кеңесінің мүшесі:
— Есім Шәйкіұлы туралы көп айтуға болады. Өңірімізге белгілі басшы деп білеміз. 10 жылдай Шал ақын ауданын басқарды.
Қазақ күресінен ашық облыстық турнир 2 салмақ дәрежесі бойынша өтті: 80 келіге дейінгі және 80 келіден жоғары. Қатысуға тепсе темір үзетін 30-дан астам жігіт ниет танытқан. Араларында атақты Қажымұқандай бабамыз өмірге келген Ақмола облысының палуандары да бар.
НҰРБЕК ЖАНДОС, турнирге қатысушы:
— Осы Петропавлдың палуанымын. 74 келіде күресем. 10 жылдай күресіп жүрмін.
Шайкиндер әулеті үшін бүгінгі күннің өзіндік маңызы бар. 1945 жылдың 15-ші сәуірінде жаужүрек Есім Шайкин Германияның солтүстік-шығысындағы Лёптен ауылы үшін күресте көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ал мерейтойлық турнир осы тарихи датамен тұспа-тұс келіп отыр.
НҰРЛАН ШАЙКИН, Есім Шайкиннің ұлы:
— Өте қуаныштымыз. Алғыс білдіремін. Қазақ күресінен осындай жарыстар өте берсін.
Ардагердің ұрпақтары және кәсіпкерлер демеушілік еткен турнир соңында чемпион атанған және күміс пен қола жүлдені қанжығалаған палуандар марапатталды. Оларға ақшалай марапат табысталды.
Байболат Құлтанов