Денсаулық сақтау

СҚО-да алаяқтар медицина қызметкерлеріне 350 млн теңге залал келтірген

Облыстық АИТВ-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне арналған кездесу өтті. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған жиында мамандар алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыруға басымдық берді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бұл іс-шараны медицина қызметкерлері және науқастар алаяқтыққа алданбасын деген мақсатта өткізіп отырмыз. Қоғамда жағымсыз жағдайлар көбейіп кеткені байқалады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарға сақтық тәсілдерін айтып жатырмыз. Әсіресе күмәнді қоңыраулар мен жалған ақпаратқа сенбеу маңызды екенін ескертеміз. Әр адам мұндай кезде мұқият болып, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы керек.

Жауапкершілікпен қатар мұқияттылық қасиет те керек. Өзіміз жақсы білетіндей, медицина қызметкерлері атқаратын жұмыс ауқымды. Ал шаруаның бастан асқанын айлакерлер тиімді пайдаланады екен. Олар иығына зор міндет артылған мамандарға WhatsApp немесе Telegram арқылы “бас дәрігерден”, “аурухана әкімшілігінен” деген желеумен “қақпан” түріндегі хабарлама жібереді. Онда “сілтемеге өт”, “кодты жолда” сынды жазба болады. Мұны қызметкер автоматты түрде орындап қоюы әбден мүмкін.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

— Медицина қызметкерлері алаяқтардың құрбанына жиі айналады. Жыл басынан бері 140-тан астам дерек тіркеліп, келтірілген шығын 350 млн теңгеден асты. Бүгін біз кең таралған алаяқтық тәсілдерін түсіндіріп, аккаунттарды, поштаны және мессенджерлерді қорғау жолдарын айтып жатырмыз.

Алаяқтар Әділет министрлігінің де атын жамылуда. Бәз біреу хабарласып, “сіздің атыңызға хат келді, алмасаңыз айыппұл салынады” дейді. Тіпті, курьер арқылы жолдауға болатынын айтады. Білген маңызды, оларға сізге келетін код керек.

МАРИЯ ТОМАС, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы:

— Әділет департаментінің және жалпы әділет органдарының қызметкерлері ешқашан азаматтарға қоңырау шалып, телефон арқылы қандай да бір ресми ақпарат бермейді. Барлық ресми хабарламалар тек заңмен белгіленген ресми арналар арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, тұрғындарды белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға сенбеуге және жеке мәліметтерін ешкімге бермеуге шақырамыз. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін әрдайым сақ болып, алдымен ақпаратты тексерген дұрыс.

Мұндай түсіндіру жұмысын жалғасын табады. Ұйымдастырушылар өзге де ұйымдарды аралап, мейлінше көп адамды қамтымақ.

Жангельді Жамалиев