Облыстық әкімдікте Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Шараға өңірдегі басқарма басшылары мен қоғам өкілдері қатысты. Жиын шымылдығын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Жаңа Конституцияны қабылдау еліміздің дамуындағы тарихи кезең болды. Бұл – халықтың саналы таңдауы, ел болашағына деген сенімі мен жауапкершілігінің нақты көрінісі. Бүгін біз осы маңызды шешімнің келесі кезеңіне қадам бастық. Ендігі міндет – қабылданған қағидаттарды нақты іске асыру.
Жиын барысында Президент жарлығымен марапатталған азаматтардың арасында аққайыңдық белді кәсіпкер Біржан Шаймерденов те бар. Біржан Әбділмәнұлы көп жыл бойы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Іскер азаматқа 3-дәрежелі “Барыс” ордені табысталды.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
— Бүгін марапатталып жатқаныма өте қуаныштымын. Біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр саланы, әр ауылды назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылап отырады. Біздің кішкентай ғана ауылымыз құстың ұясындай болса да соған дейін ел Президентінің назары түсіп отыр. Сондықтан ауылыма жасап жатқан еңбегімнің еленіп жатқанына шын жүректен алғысымды білдіремін. Көптен-көп рахмет.
Бұдан бөлек, облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішевке “Парасат” ордені, Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов пен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевке “Құрмет” ордені табысталды. Өңір басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов “Ерен енбегі үшін” медалімен марапатталды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ ұжымы да өңірдің білім-ғылым саласын дамытуға және білікті кадр даярлауға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде оқу ордасында еліміздің түкпір-түкпірінен және 19 шет мемлекеттен келген 6 жарым мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сонымен қатар, Аризона университетімен бірлескен стратегиялық жоба аясында 1 200-ден астам жас оқып, биыл 30-дан астам түлек қос диплом иегері атанбақ. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Бұл марапатты университет ұжымының ортақ жетістігі деп санаймын. Білім ордасы бүгінде өңірдегі білім мен ғылымның қайнар көзіне айналып, халықаралық серіктестік арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Осындай жетістіктер – ұжымның қажырлы еңбегі мен бірлігінің нәтижесі. Алдағы уақытта да жастарға сапалы білім беріп, ел дамуына өз үлесімізді қоса береміз.
Жиын барысында тағы бірнеше азамат “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.
Жангельді Жамалиев